Атырау облысында тасқын суы шабындық алқабын суаруға жіберілді
Алқап 18 мың гектарды құрайды
Атырау облысында тасқын суы 18 мың гектар шабындық алқабын суаруға жіберілді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Атырау облысы бойынша «Қазсушар» мамандары Ойыл өзені арқылы келген тасқын суын өңірдегі 18 мың гектардан астам шабындық алқабын суаруға жіберді. Осының нәтижесінде Ойыл өзеніндегі су деңгейі төмендеді. Ал Жайық өзені арқылы келген тасқын суын Бақсай, Нарын, Сарыөзек және Соколок каналдары арқылы суару-суландыру жүйелеріне, лимандарға және Каспий теңізіне бағыттау жұмысы жүріп жатыр, деді Су ресурстары және ирригация министрлігі.
Сарыөзек каналының тасқын суын қабылдайтын арнасы тазартылып, қорғаныс бөгеті нығайтылды. Каналдың төменгі бөлігінен жаңадан 4,2 шақырым канал тұрғызылып, Атырау қаласына қарасты Еркінқала ауылдық округінің аумағындағы 1500 гектар шабындық алқабы суарылды. Сарыөзек арқылы да тасқын суы Каспий теңізіне бағытталады, – деді ведомство.
Тасқын суын қауіпсіз өткізу мақсатында Бақсай каналы бойындағы құбырлар мен бөгеттер алынып тасталды. Суды теңізге жіберу үшін жаңадан 4 шақырым канал тұрғызылып, Нарын каналының бас бөлігінің арнасы тазартылды. Бүгінгі күні канал бойындағы 4,5 гектар шабындық алқабын тасқын суымен суару жұмысы жүргізіліп жатыр.
«Қазір негізгі мақсаттардың бірі – тасқын суын тиімді пайдалану. Жайық өзені арқылы Каспий теңізіне шамамен 1 млрд текше метрден астам су жіберілді. Сондай-ақ, көлдерді, лимандарды және жерасты суларының орындарын толтыру үшін де су жіберіліп жатыр», - деді министрліктің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева.
Жайық бойындағы елді мекендерді су басу қаупі әлі де жоғары. Қазақстандықтар тасқынмен қалай күресіп жатыр.