Астанада әйелін ұрған тағы бір шенеуніктің үстінен қылмыстық іс қозғалды (ВИДЕО)

Еркеғали Болатұлы

Елшінің кеңесшісі шұғыл түрде Қазақстанға шақыртылған

фото: Halyq Uni

Астана полициясы Қазақстанның БАӘ-дегі елшісі кеңесшісінің әйелі Карина Мамаштың «күйеуім ұрып-соқты» деген мәлімдемесінен кейін қылмыстық іс қозғады.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу мүддесіне қатысты басқа мәліметтер жарияланбайды, - деп хабарлады Астана қалалық ПД баспасөз қызметі.

Еске сала кетсек, осыдан бірнеше күн бұрын қазақстандық әйел БАӘ-дегі елшілікте кеңесші болып жұмыс істейтін күйеуін әпкесі екеуін ұрды деп айыптаған болатын.

10 жыл бойы ол мені зорлап, ұрып-соғып келеді. Маған және оның қасындағы балаларыма да қауіп төніп тұр. Мен мемлекетімізден көмек сұраймын, - дейді әйел видеода.

Сол күні Сыртқы істер министрлігінің өкілі бұл қызметкер шұғыл түрде Қазақстанға шақыртылғанын, енді оның ісімен құқық қорғау органдары айналысатынын мәлімдеді.

Ал 9 мамырда Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі (БАӘ) елшісінің кеңесшісі Сәкен Мамаштың әйелі Карина Мамаш Астанадағы дағдарыс орталығына орналасқан болатын.