Оралда балалар алғаш рет көкпар мен аударыспақта күш сынасты
70-тен астам спортшы тартысты додаға түсіп жүр
Оралда алғаш рет балалар арасында көкпар мен аударыспақтан екікүндік ашық біріншілік өтті. Айта кетсек, өңірде былтыр қалалық ат спорты бөлімі ашылған болатын.
«Көкпар – өте қауіпті спорт. Ат бір-бірін түйгенде құлап, неше түрлі жағдай болуы мүмкін. Бірақ қатты берілген адам қиыншылыққа, ауыртпалыққа қарамайды. Көкпар атың да батыл, рухты болуы шарт. Яғни сен атыңа, атың саған сеніп, әдемі ойын көрсетуі керек», - дейді облыстың «Үздік шабандозы» атанған Айбарыс Миразат.
Бұл ретте «Орал» спорт клубының командасы қарсыласын 4/1 есебімен ұтқан.
«Қазақ айтады ғой, «баланы 5 жасында тоқымын қағып, 7 жасында ашамайына мінгізеді» деп. Қала балаларында ондай мүмкіндік жоқ еді. Бірақ сол мүмкіндік осыдан бір жыл бұрын туды. Сырым, Теректі, Ақжайық, Шыңғырлау аудандарынан және Орал қаласы ұлттық спорт мектебінен командалар келіп, бүгінде 70-тен астам спортшы тартысты додаға түсіп жүр», - дейді «Орал» спорт клубының әкімгері Ақмоншақ Жұмаева.