×

Ақтөбе облысының әкімдігі өңірдегі жалғыз ардагердің үйін жөндеп берді

Ол Жеңісті Берлиннен 75 шақырым жерде орналасқан ауруханада атап өткен

 Еркеғали Болатұлы 10.05.2024 | 10:39
фото: avestnik.kz

Ақтөбе облысында ІІ Дүниежүзілік соғыстың жалғыз ардагері Василий Грецкийдің пәтеріне күрделі жөндеу жасауға шешім қабылданды, деп хабарлады облыстық әкімдік.

Облыс әкімі Асхат Шахаров ардагерге өзі барып, баспананы толық жөндеуді растайтын куәлікті тапсырды. Ғасыр жасаған қарияға президенттің құттықтау хаты да табысталды.

Василий Иванович Грецкий 1924 жылы Беларусь елінде дүниеге келген. Ал соғысқа дейін Жамбыл облысында тұрған. 1942 жылы әскерге шақырылып, бір жылдан кейін майданға жіберілген. Ол украин және Беларусь майдандарында 8-ші полктің бірінші атты әскер корпусының құрамында соғысқан. Үш рет жарақат алған. Жеңісті Берлиннен 75 шақырым жерде орналасқан ауруханада атап өтті. Осыдан кейін олардың полкі Орал қаласына орналастырылды. 1946 жылы алған жарақаттарына байланысты әскерден босатылды.

Қазір майдангер Хромтау ауданында тұрады. Ол жауынгерлік еңбегі үшін «Қызыл жұлдыз» және II дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен марапатталған. Басқа да көптеген әскери наградалары бар.

Жалпы, Ақтөбе облысынан II Дүниежүзілік соғысқа 122 мыңнан астам адам шақырылып, оның 36 мыңнан астамы ерлікпен қаза тапқан. 35 ақтөбелік Кеңес Одағының Батыры атанды. Бұдан бөлек, тағы 9 адам «Даңқ» орденінің толық кавалері болды. Олардың қатарында аты аңызға айналған мерген қыз Әлия Молдағұлова да бар. Келесі жылы оның туғанына 100 жыл толады.

Бүгінде Ақтөбе облысында көзі тірі жалғыз ардагер Василий Грецкий ғана қалды. Тыл еңбеккерлерінің де қатары сиреп (2 280 адам қалған) барады. Олардың барлығына тиісті қолдау көрсетіледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама