Енді ауылға 2 айға шектеу қойылып отыр
Батыс Қазақстан облысындағы Шоқтыбай аулына құтырған қасқыр кіріп кеткен. Ол жарақаттаған 4 адамның біреуі – 4 жастағы бүлдіршін.
Енді ауылға 2 айға шектеу қойылып отыр. Осы уақыт ішінде жергілікті жұрт сыртқа шыға алмайды және малын да сатуға тыйым салынған. Ал қасқыр талаған ауыл иттерінің түгел көзі жойылған.
Қазір жарақат алған тұрғындарға құтыруға қарсы дәрі салынып жатыр. Бұл ретте дәрігерлер құтырма ауруы адамнан адамға жұқпайтынын айтып отыр. Сондай-ақ шектеу талабына сай, ауылдағы төрт түлік те түгелдей егілетін болды.
«Аса қауіпті ауру ошағының тіркелуіне байланысты ауылда тіркелген 3 204 бас жануарды құтыру ауруына қарсы вакцина және дезинфекциялау жұмыстары үшін 11 550 шаршы метр аумаққа дезинфекциялық ерітінді сұратылды. Шектеу шаралары енгізілгеннен кейін ауру ошағын жою бойынша жұмыстарды республикалық эпизоотияға қарсы отряд жүргізетін болады», - дейді БҚО ветеринария басқармасының бөлім басшысы Балдай Сапарғали.