Құлсарыдағы қазіргі ахуал белгілі болды

Қымбат Елтайқызы

Бұл елді мекен су тасқынынан көп зардап шеккені белгілі

фото: ТЖМ

Құлсары қаласында 2900 үйден су толығымен сорылып, 20 үй әлі де су астында қалып отыр, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Жылыой ауданының Құлсары қаласында еріген қар суын сору жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгінгі таңда сорылған судың жалпы көлемі 4,3 млн текше метрден асады. 7 мамырдағы жағдай бойынша, 2900 үйден су толығымен сорылды. Болашақ шағын ауданындағы 20 үй су астында қалып отыр, оның ішінде 10 үй қоныстандырылмаған. Су сору жұмыстары жалғасып жатыр, - деді Атырау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиев ОКҚ алаңында өткен брифингте.

Тағы 30 тұрғын үй электр қуатына қосылған. Атырау шағын ауданында көпқабатты тұрғын үйлерге тоқ беру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Залалды бағалау және өтеу жөніндегі комиссия жұмысын жалғастырып келеді, - деді спикер.

Жайық өзеніндегі жағдайға тоқтала келе, аймақ өкілі Индербор ауылында су деңгейі қауіпті көрсеткіштен 87 см асқанын атап өтті. Қазіргі су деңгейі – 927 см. Махамбет кентінде – 880 см, қауіпті деңгейден 30 см артық, Атырау қаласында - 507 см, қауіпті деңгейі - 550 см.

«Бір ай ішінде жергілікті атқарушы орган Үкіметпен бірлесіп, ұзындығы 522 км, орташа биіктігі 2-4,5 метрге дейін жететін жағалауды нығайтатын бөгеттер салды. Жағдай тұрақты», - деді спикер.

Құлсарыда 100-ден астам үй әлі су ортасында тұр. Атырау облысында Жайық суы арнасынан асты. Қазақстандықтар су тасқынымен қалай күресіп жатыр. Атырау облысында 345 км бөгет салынды.