Halyq Uni логотип
×

Астанада рұқсат етілмеген қоқыс полигондары анықталды

Оларда бірнеше тонна қоқыс жиналып қалған

 Қымбат Елтайқызы 07.05.2024 | 15:15
Астанада рұқсат етілмеген қоқыс полигондары анықталды
фото: Астана әкімдігі

Елордада экоакция кезінде рұқсат етілмеген қоқыс полигондары жойылды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Бас қалада «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» экологиялық акциясы өтіп жатыр. Бұл апта «Мөлдір бұлақ» деп аталады. Оның барысында су айдындары – өзендер мен көлдердің айналасы қоқыстан тазартылады. Шара кезінде рұқсат етілмеген екі полигон жойылды. 1500-ден астам студент пен астаналық мәслихат депутаттары «Нұра-Есіл» каналынан 200 тоннадан астам қоқыс жинады. Рұқсат етілмеген қоқыс орындарынан қоқыс шығару үшін 30-дан астам ауыр жүк рейсі жасалды, деді әкімдік.

«Елордалық депутаттар осы экоакцияға белсенді қатысып жатыр. Бүгін біз «Нұра-Есіл» каналын тазалау акциясын ұйымдастырдық. Шараға студенттер де белсенді атсалысып жатыр. Қала тазалығы әрқайсымыздан басталады, ал тазалықты сақтау – бәріміздің ортақ жауапкершілігіміз», - деді мәслихат депутаты Ғабит Тәжімұратов.

«Біз, студенттер қоршаған ортаны жақсартуға үлес қоса алатынымызды мақтан тұтамыз. Біздің белсенділігіміз басқаларды да осындай бастамаларға қызықтырады деп үміттенемін. Астанада экоакция басталғаннан бері қалмай қатысып жүрміз», - деді колледж студенті Алиман Нұрисламов.

Елордада аталған акция жалғасып жатыр. Ауқымды шара аясында қаланы санитарлық тазарту, нөсер және арық канализациясы, көшелер, тротуарлар, кварталішілік аумақтар, қоғамдық кеңістіктер мен аулаларды тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, жасыл желектерді күтіп-ұстау және отырғызу, сауда объектілеріне іргелес аумақтарды жинау, көгалдар мен гүлзарлар орнату, рұқсат етілмеген полигондарды жою және тағы басқа жұмыстар жасалып жатыр.

Бұған дейін Құлсарыдан тасқынмен келген 300 тоннаға жуық қоқыс шығарылғанын хабарлаған едік. Сонымен қатар, елімізде 127 заңсыз қоқыс орны анықталған болатын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама