Абай облысында өзендер мен бұлақтар тазартылды
Үржар ауданындағы шара «Мөлдір бұлақ» акциясы аясында өтті
Абай облысы Үржар ауданында «Мөлдір бұлақ» акциясы аясында өзендер мен бұлақтар тазартылды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Үржар ауданында «Таза Қазақстан» республикалық эко-акциясының «Мөлдір бұлақ» апталығы аясында Үржар ауылының «Қайыңды бақ» және «Болашақ» саябақтарындағы бұлақтар мен өзендерді тазалау жүргізілді. Экологиялық іс-шараға ауыл тұрғындары, еріктілер мен белсенді жастар қатысып, бұлақтарды қоқыстардан тазартты. Акцияға 150-ден астам адам белсенділік танытып, туған өлкенің тазалығын сақтауға өз үлестерін қосты.
Ауыл тұрғыны, әрі еңбек ардагері Амангелді Оспанов «Таза Қазақстан» акциясы дұрыс бастама деп есептейтінін жеткізді.
«Бүгін ауыл тұрғындары мен жастар біздің саябақтардағы бұлақтар мен өзендерді тазалау үшін көшеге шығып, ауданның барлық тұрғындарын эко-акцияға қатысуға шақырды. Мен туған өлкемнің патриоты ретінде жас ұрпаққа үлгі болатын ауқымды іс-шараға өз үлесімді қостым», – деді Амангелді Оспанов.
«Жас сұңқар» еріктілер тобының мүшесі Серік Сәрсенбаев тазалау кезінде пластикалық қалдықтарға ерекше назар аударылғанын айтты.
«Бүгін біз, «Жас сұңқар» еріктілер тобының мүшелері, аудан жастарымен бірлесе отырып, Үржар ауданындағы сүйікті демалыс орындарына айналған «Қайыңды бақ» және «Болашақ» саябақтарындағы бұлақтарды тазаладық. Сонымен қатар, өзен арналарын қоқыстардан, пластик қалдықтардан тазарттық. Барлық жерлестеріміз бен жастарымызды туған еліміздің тазалығын сақтауға және осындай экологиялық іс-шараларға үнемі қатысуға шақырамын», – деп қорытындылады Серік Сәрсенбаев.
Ауданда барлығы 50-ден астам ірі және кіші бұлақ көздері бар. «Мөлдір бұлақ» апталығы аясында бұлақ көздерін тазалау жұмыстары жалғасады.