Шымкентте автобуста тегін жүру үшін 500 млн теңге бөлінеді

Дастан Жұмабекұлы

Қалада төлем картасы арқылы жолақының бағасы – 70 теңге. Ал қолма-қол болса, 100 теңге

Фото: Otyrar.kz

Шымкент қаласында 1 мамырдан бастап белгілі бір санаттағы адамдардың көлікте тегін жүруі үшін бюджеттен 500 млн теңге бөлінеді.

Otyrar.kz-тің хабарлауынша, Шымкентте 5 күннен бері мектеп оқушылары, 70 жастан асқан зейнеткерлер мен мүмкіндігі бар азаматтар автобустарда тегін жүре бастады. Бұл бастамаға әкімдіктен тиісті  қаражат бөлінген.

Шымкент қаласы Білім басқармасының мәліметіне қарағанда, 7 мен 17 жас аралығындағы 259 174 мектеп оқушысы, Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мәліметі бойынша 70 жастан асқан 91 000 зейнеткер бар.

Бұған дейін жол жүру ақысына жеңілдік берілген адамдарға 33 млрд теңге бөлінген болатын. Енді жаңа шешім бойынша қосымша 500 млн теңге бөлінді.

Жаңа бастама қала бюждетіне қосымша салмақ салғанына қарамастан тұрғындар тиімділігін айтады. Әсіресе, көпбалалы отбасыларға қоғамдық көлікте жүру айтарлықтай жеңілдік болып отыр.

Бүгінде Шымкентте төлем картасы арқылы жолақының бағасы – 70 теңге. Ал қолма-қол болса, 100 теңге.