×

Мәскеудегі теракт: Қазақстан азаматтары Ресейге бара ала ма?

Отандастарымыз шетел заңына бағынуға тиіс

 Дәурен Ерболат 06.05.2024 | 12:54
фото: Halyq Uni

Қазақстандықтар Ресейге емін-еркін бара алады. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

СІМ-де өткен баспасөз мәслихатында ресми өкілге «Биыл 22 наурызда Ресей астанасы Мәскеудегі «Крокус Сити Холл» концерт залында теракт болды. Осыдан кейін Тәжікстан азаматтарының Ресейге кіруі қиындады. Тәжістан Сыртқы істер министрлігі болған жағдайға түсінік берді. Қырғызстанның Сыртқы істер министрлігі де өз азаматтарын РФ-ға бармауға шақырды. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі неге үнсіз? Қазақстандықтар Ресейге бара ала ма, қиындық туындамай ма?» деген сұрақ қойылды.

Айбек Смадияров қос ел арасында ешқандай түсінбестік жоғын атап өтті.

Достық, одақтастық және стратегиялық әріптестік қағидаттарына негізделген Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынас көпқырлы мемлекетаралық ынтымақтастықтың үлгісі саналады. Сондықтан біз Қазақстан мен Ресей арасындағы шекарада қандай да бір проблеманы көріп отырған жоқпыз. Қазақстанның Мәскеудегі дипломаттары жергілікті билік, РФ Сыртқы істер министрлігі және шекара қызметімен үнемі байланыста. Егер (Ресейдің күштік құрылымдары, – автор) Қазақстан азаматтарын тоқтатып, құжаттарын тексерсе, бұл тек қауіпсіздік мәселесі саналады. Былай үлкен мәселе туындап жатқан жоқ, - деді ол.

Ресми өкіл Мәскеудегі терактіден кейін қазақстандықтар РФ-ға бара алатынын жеткізді.

Әрине, шекара ашық. Азаматтар емін-еркін барып, сол елдің заңын, ережесін сақтаса, ешқандай проблема туындамайды, - деді ол.

Айта кетейік, биыл 22 наурызда Мәскеудегі «Крокус Сити Холл» концерт залындағы теракт салдарынан 144 адам қаза тауып, 551 адам зардап шеккен еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама