Өңірдегі мұрағатта 30 мыңнан аса құжат сақталған
Қызылорда облысында полиция АҚШ-тан келген ерлі-зайыптыға туыстары туралы мәліметті тауып берді, деп хабарлады Polisia.kz.
Америкалық Джефф Шайнгольд Қызылорда облысының полиция департаментіне әкесі туралы мәлімет сұрап жүгінген. Оның әкесі – ұлты еврей, Тереңөзек ауданында тұрған (қазіргі Сырдария ауданы) және ол 1943 жылы қуғын-сүргін кезінде қамауға алынған.
Облыстағы полиция мұрағатында шетелдік азаматтың өтініші бойынша жан-жақты іздеу жұмысы жүргізілді.
1942 жылы Ұлы Отан соғысы кезінде әкем Қазақстанда тұрған. Мұны мен 2022 жылы білдім. Ата-анам Польшадағы нацистерден қашқан. Бізде сот хаттамасынан басқа мәлімет болған жоқ. Іздеу нәтижесінде мұрағатта 80 жылға жуық сақталған құжаттар табылды. Олар – менің ата-анам мен №6 ауылда жерленген ағама қатысты құжаттар. Полицейлердің арқасында біз олардың 1942 жылдан 1946 жылға дейінгі өмірінен біршама мағлұмат алдық, – деді Джефф Шайнгольд.
Қазақстанға келген шетелдік ерлі-зайыпты ата-анасы ғұмыр кешкен қазақ жеріне және ағасы жерленген зиратқа барып, тағзым етті.
Айта кетейік, облыстық полиция департаментінің мұрағатында 30 мыңнан аса құжат сақталған.