Құлсарыда 100-ден астам үй әлі су ортасында тұр
Жайық өзеніндегі су деңгейі артып келеді. Төмендеу байқалмайды
Атырау облысының Құлсары қаласында 100-ден астам жеке тұрғын үй мен 10 бизнес нысаны су астында қалып отыр, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Өткен аптада құтқарушылар 2815 үйден су бұрып, сору жұмыстарын жүргізген болатын. Өңірдің эвакуациялық пунктерінде 769 адам бар, олардың 430-ы балалар, дейді Төтенше жағдайлар министрлігі.
2024 жылдың 7 сәуірінен бастап облыста жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимі сақталып отырғаны белгілі. Жайық өзеніндегі су деңгейі артып келеді. Төмендеу байқалмайды.
Сондай-ақ бүгін ОҚК-де аталған өңірде үйлер мен бизнес нысандарынан су шығару жұмыстары жалғасып жатқаны айтылды.
Атырау облысының Құлсары қаласында мотопомпалардың көмегімен қалған су басқан 100-ден астам үй және 10 бизнес нысанында су сору жұмыстары жүріп жатыр. СҚО-ның Петропавл қаласы мен Қызылжар ауданында да су сору жұмыстары жалғасып келеді. Бұл жайлы ТЖМ өкілі Асқар Шәріп мәлімдеді.
Республика бойынша 8615 тұрғын үй және 2994 аула аумағында судың бағыты бұрылып, су сорылды. 49 819 адам өз үйлеріне оралды. Авариялық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға жалпы саны 14 409 адам, 1413 техника, 311 су сору құралы, 69 жүзу құралы, 5 әуе кемесі жұмылдырылды, - деді спикер.
Қазір жалпы саны 15 млн текше метрден асатын қар суы сорылып шығарылды. 7,7 млн астам қапшық және 1,5 млн тоннадан астам инертті материал төселді.
Бұған дейін Құлсарыдан тасқынмен келген 300 тоннаға жуық қоқыс шығарылғанын хабарладық. Сондай-ақ Абзал Құспан тасқынға кінәлі әкімдерді жауапқа тартуды ұсынды.