Әділетті Қазақстан құру үшін биік белестерді бағындыра береміз, деп сендірді Тоқаев
Мемлекет басшысының айтуынша, бұл мейрам – мейірімділік пен ізгіліктің көрінісі. Мереке кезінде діндар қауым зор қуанышқа кенеледі, болашағы жарқын боларына сенімі артады.
Жалпыұлттық мәдени кодымызбен берік сабақтасып жатқан Пасха дәстүрлері жұртты жасампаздыққа жетелейді. Сондай-ақ мұқтаж адамдарға көмектесуге, жақын жандарға жанашырлық танытуға шақырады. Православ қауымы қоғамда өзара түсіністік пен келісімді сақтауға, бірлік және тілеулестік сияқты басты құндылықтарды орнықтыруға зор үлес қосып келеді, - делінген Ақорда сайтында.
Қасым-Жомарт Тоқаев біз халқымыздың қайсарлығы мен ынтымағының арқасында барлық қиындықты еңсеріп, әділетті Қазақстанды құру үшін биік белестерді бағындыра береміз деп сендірді. Сөз соңында президент барша халыққа зор денсаулық, бақ-береке және толағай табыс тіледі.
Атап өтсек, 2 ғасырдан бастап Пасха христиандардың ресми діни мейрамына айналған. Пасханың уақыты әр жылы әр күнге түсіп отырады, бірақ сәуірде немесе мамырдың басында болады.