Мемлекетке 1,2 млрд теңге залал келтірілген
Биыл 25 сәуірде Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында арнайы ХҚКО, полиция қызметкерлері мен жеке тұлғаларға сот үкімі шықты, деп хабарлады Антикор.
Күдіктілер алымдар мен төлемдерді төлемей, шетелден әкелінген автокөліктерді заңсыз тіркеумен айналысқан.
Сотта олар ұйымдасқан топ құрып, басшылық жасау, мемлекетке мүліктік залал келтіру, «Web-Модуль» ҚКО» және «ХҚКО ИАЖ» ақпараттық жүйелерінде көліктер туралы мәліметтерді заңсыз енгізу және жою, мәмілелердің жазбаша нысандарын қолдан жасау бойынша айыпты деп танылды.
2022 жылғы қаңтардан мамырға дейін қылмыстық топ шетелден әкелінген 462 автокөлікті заңсыз тіркеген. Мемлекетке келтірілген жалпы шығын – 1,2 млрд теңге.
Сот үкімімен 32 адам сотталды. Оның ішінде қылмыстық топтың ұйымдастырушылары – Астана қаласының №2 Мамандандырылған ХҚКО басшысы Ш. Бөкебаев пен Астана қаласының Арнайы ХҚКО мамандары А. Там-Оглы мен Х. Там-Оглы 9 жыл бас бостандығынан айырылды. Топтың 5 қатысушысы 6 жылға бас бостандығынан айырылды, ал 17 «көмекшіге» бас бостандығынан айыру және шектеу түріндегі жаза тағайындалды.
Сондай-ақ 7 қызметкер 2 жыл 6 айдан бастап бас бостандығын шектеуден 3 жыл 6 айға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Олар арнайы атақтарынан және мемлекеттік қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды.
Сот процесі Астана қаласы полиция департаменті жеке құрамының, сондай-ақ Астана қаласы Арнайы ХҚКО қызметкерлерінің қатысуымен өтті.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.