Тұрғымбаев 2019-2022 жылдары ішкі істер министрлігін басқарды
Бұрынғы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев екі айға қамалды. Бұл туралы Бас прокуратура хабарлады.
Астана қаласының мамандандырылған тергеу соты 2024 жылдың 30 сәуірінде бұрынғы Ішкі істер министрі Тұрғымбаевқа қатысты екі ай мерзімге «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады, – делінген ақпаратта.
2024 жылдың 30 сәуірінде бұрынғы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев ұсталғаны хабарланды.
Бас прокуратура 2022 жылғы Қаңтар оқиғасына байланысты қылмыстық істерді тергеуді жалғастырып жатыр.
2024 жылдың 29 сәуірінде ауыр зардаптарға әкеп соққан билік пен лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдаланғаны үшін (ҚК-нің 362-бабы 4-бөлігі) Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-бабы тәртібінде ішкі істер экс-министрі Ерлан Тұрғымбаев ұсталды, – делінген Бас прокуратура таратқан ақпаратта.
Айта кетейік, Ерлан Тұрғымбаев 2019-2022 жылдары ішкі істер министрлігін басқарды. Содан кейін Қазақстан президентінің кеңесшісі болды. Ол бұл қызметтен жарты жылдан кейін босатылды.