Прокурорлар Атырау, Батыс Қазақстан облыстарының әкімдіктерін тексеруі керек
Мәжіліс депутаты Абзал Құспан су тасқынына кінәлі әкімдерді жауапқа тарту керектігін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ол депутаттық сауалын Бас прокурор Берік Асыловқа жолдады.
Биылғы су тасқыны – Қазақстан тәуелсіздік алғалы болған оныншы ірі тасқын. Бірақ осы кезге де дейін су тасқынының алдын алмағаны немесе салғырттық танытып, жол бергені үшін ешбір жоғары лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылмаған. Мұнда мен жергілікті атқарушы органның, яғни әкімдердің жауапкершілігі туралы айтып отырмын, - деді Абзал Құспан.
Оның айтуынша, жергілікті билік шешімдерді қабылдайды. Сондықтан әкімдіктер кейбір шешіміне жауап беруге тиіс.
Неге жергілікті атқарушы орган? Өйткені өзен бойындағы су жайылмаларынан жер берген, саяжайларды іс жүзінде тұрғын үйге айналдырған. Яғни жарық, газ тартып, азаматтарды тұрақты тіркеуге рұқсат берген. Ол – Үкімет емес, басқа емес, жергілікті атқарушы орган, яғни әкімдіктер. Ал келтірілген шығындарды өтеу салмағы әркез мемлекет мойнына артылады, - деді депутат.
Сондай-ақ ол өзінің 2 өңірде болғанын, онда прокурорлық тексеріс жүргізу қажеттігін жеткізді.
Құрметті Берік Ноғайұлы, өзіңіз жақсы білесіз, Қылмыстық кодекстің 3-бабында аса ірі залал және ауыр зардап деген ұғымдар бар. Биылғы су тасқынында мемлекет те, азаматтар да аса ірі көлемдегі шығынға ұрынды, адамдарымыздан айырылдық.
Президент су тасқынына байланысты сізге нақты тапсырма берді. Сондықтан бір топ депутат екі өңірде: БҚО және Атырау облысының Құлсары қаласында болдық. Осының негізінде Бас прокуратура деңгейінде, кешенді түрде тексеріс ұйымдастыру қажет деп есептеймін», - деді Абзал Құспан.