Есірткі өндірумен айналысқан азаматтар үшін жаза күшейтіледі
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар жасырын зертхана ашып, есірткі өндірген азаматтарды өмір бойынша бас бостандығынан айыруды көздейтін заңды бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Отырыста «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне есірткі, психотроптық заттардың және олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыға салынды.
Ішкі істер министрінің орынбасары Айдос Рысбаев құжатта есірткі өндіру әрекеті есірткі қылмысының аса қауіпті түріне теңестірілетінін айтты. Осылайша, есірткі өндірумен айналысқандарға өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылуы мүмкін.
Біз жасырын есірткі зертханасын ашатындар үшін жауапкершілікті арттырдық. Бұл бірінші оқылым, мәселе әлі талқыланады, - деді Айдос Рысбаев Мәжіліс отырысынан соң.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева дәріханаларда күмәнді препараттар ашық сатылып жатқанын айтып, заң жобасы аясында синтетикалық есірткімен күрес әдісі өзгеретінін жеткізді.