Halyq Uni логотип
×

Дәріханаларда күмәнді препараттар балаларға ашық сатылып жатыр – депутат

Қазақстанда синтетикалық есірткімен күрес әдісі өзгереді

 Дәурен Ерболат 02.05.2024 | 12:18
Дәріханаларда күмәнді препараттар балаларға ашық сатылып жатыр – депутат
Снежанна Имашева, фото: parlam.kz

Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне есірткі, психотроптық заттардың және олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралып жатыр, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Заң жобасы депутаттардың бастамасымен әзірленген. Біріншіден, құжат аясында Қылмыстық кодекске түзетулер енгізіледі.

«Синтетикалық есірткі кокаин, героинге қарағанда арзан және қолжетімді. Мұндай есірткінің өндірісі де қарапайым, ерекше бір дайындық пен дағдыны талап етпейді. Оған қоса, синтетиканың барлық компоненті заңды және қолжетімді. Мәселен, жеке органикалық қосылыстар, ацетон, этил спирті және сірке қышқылы арқылы есірткі қоспасын жасап шығаруға болады. 

Елімізде есірткі өндірушілер «синтетиканы» өнеркәсіп деңгейінде жасап жатыр. Оларға керекті жабдықтар мен химикаттарды, прекурсорларды тасымалдауды «пысық» диллерлер тұрақты схемаға айналдырған», - деді депутат Снежанна Имашева.

Депутаттың дерегінше, 2019 жылы – 3, 2020 жылы – 8, 2023 жылы 81 астыртын жұмыс істеген лаборатория жойылған. Жыл басынан бері 31 есірткі зертханасы жойылған. 10 тоннадан астам прекурсор тәркіленген.

Депутат синтетикалық есірткіге қарсы күресте әдісті өзгерту маңызды екенін жеткізді.

«Бұл есірткі қылмысына қарсы күресті прекурсорлар мен зертханалық жабдықтарды заңсыз жеткізудің жолын кесуден бастау керек екенін көрсетеді. Неғұрлым тиімді шара. Бірақ, қолданыстағы заңнамада олардың контрабандасы үшін ғана жауапкершілік белгіленген, ал прекурсорлардың заңсыз айналымы үшін жауапкершілік қарастырылмаған.

Сондықтан Қылмыстық кодекстің 301 және 303-баптарына прекурсорларды заңсыз дайындағаны, өңдегені, сатып алғаны, сақтағаны, тасымалдағаны және жөнелткені үшін қылмыстық жауапкершілікті, яғни олардың заңсыз айналымы үшін, сондай-ақ олармен жұмыс істеу қағидаларын бұзғаны үшін жауаптылықты көздейтін түзетулер енгізу ұсынылады», - деді Снежанна Имашева.

Сондай-ақ дәріханада сатылатын күмәнді дәрілерді бақылауға алу керек.

«Күшті әсер ететін заттардың айналымындағы жағдай да осындай болып тұр. Әсіресе, жасөспірімдер трамадол, тропикамид, азот тотығы, сомнол, прегабалин және тағы сол сияқты медицина препараттары тым көп пайдаланып жатыр. Бұл заттарды есірткіге тәуелді адамдар синтетикалық есірткінің әсерін күшейту үшін пайдаланады. Соның салдарынан сұраныс та айтарлықтай өсті. Мәселен, нашақорлар тропикамид тамшысын (көзге тамызатын – авт.) мұрынға тамызады немесе көктамырға жібереді және осылайша галлюциноген әсерін алады немесе синтетикалық есірткінің әсерін күшейтеді», - деді депутат.

Бүгінде осындай күмәнді дәрілік заттарды рецептсіз бергені және олармен жұмыс істеу қағидасын бұзғаны үшін тек әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

«Бұл жағдай осы препараттарды медициналық емес мақсатта сататын қасқойларға тосқауыл бола алмай тұр... Сондықтан, жобада аталған медициналық препараттар құрамы бар күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымы, олармен жұмыс істеу қағидаларын бұзғаны, сондай-ақ оларды ұрлағаны үшін қылмыстық жауаптылықты енгізу ұсынылады. Сондай-ақ прекурсорлар мен күшті әсер ететін заттарды дайындауға немесе өңдеуге арналған құралдар мен жабдықтардың заңсыз айналымы да қылмыстық жазаға тартылуы керек», - деді Снежанна Имашева.

Екіншіден, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске түзетулер енгізіледі.

Психикалық белсенді заттарды қолдануға байланысты мәжбүрлеп емделген адамдар арнайы медициналық көмек көрсететін ұйымнан шыққаннан кейін тұрғылықты жері бойынша, психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымда динамикалық тұрғыдан қаралуға жататындығы туралы норма көзделген және ол жерде денсаулығын күту үшін әрі қарай ем қабылдауға міндетті, - деді депутат.

Үшіншіден, «Есірткі, психотроптық заттар, сол тектестер мен прекурсорлар және олардың заңсыз айналымы мен теріс пайдаланылуына қарсы іс-қимыл шаралары туралы» заңға жаңадан енгізілген ұғымдар мен оларды қолданыстағы заңнамаға сәйкес келтіру үшін нақтылау сипатында бірқатар түзету ұсынылады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама