Кейбір командаларда дәрігер, массажист пен спорт психологы тұрақты жұмыс істемейді
Астана қаласында қысқы спорт түрлерінен ұлттық құрама командалары бас жаттықтырушыларының 2023-2024 жылғы қысқы маусымды қорытындылап, алдағы маусымға дайындықты пысықтауға арналған есеп беру кездесулері өтіп жатыр.
Ұлттық шаңғышылар қауымдастығы өкілдері мен мемлекеттік жаттықтырушылар Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Азамат Имашев пен Спортты дамыту дирекциясының өкілдеріне есеп берді.
Атап айтар болсақ, фристайл акробатикадан Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Бағлан Іңкәрбек, шаңғы жарысынан бас бапкер Александр Батяйкин, шаңғымен тұғырдан секіруден бас жаттықтырушы Павел Васильев маусымды қорытындылады.
Ұлттық құраманың өкілдері спортшылардың халықаралық жарыстардағы көрсеткіштеріне шолу жасап, резерв даярлау жайын қозғады. Мәселен, қысқы спорт түрлеріне маманданған Олимпиада даярлау орталықтарының бірінде сноуборд секциясын ашу жөнінде ұсыныс айтылды.
Мамандардың айтуынша, бұл дисциплина жастар арасында кеңінен танылған. Елімізде кәсіби түрде шұғылданушылар қатары көп емес. Соған қарамастан Ақ Олимпиадада ең көп жүлде жиынтығы сарапқа салынатын бағдарламаны назардан тыс қалдырмай, қолға алу керек.
Есеп беру кезінде Павел Васильев Оңтүстік Кореяда өткен IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасында елімізге алғашқы алтын медальді сыйлаған Илья Мизерныхтың жетістігі сәйкестік емес, бірігіп істеген жұмыстың жемісі екеніне ерекше тоқталды.
Еліміз тәуелсіздік алған жылдар ішінде шаңғымен тұғырдан секірушілер үшін биыл ең табысты маусым болды. Осы маусымда шаңғымен тұғырдан секірушілер маусымды жоспарға сай уақытында бастап, Спортты дамыту дирекциясы мен Ұлттық спорттық медицина және оңалту орталығынан дер кезінде қолдау алған. Мұның тағы бір көрсеткіші – Ильяның Канвондодағы ойындардан кейін жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатындағы жақсы нәтижесі.
Соған қарамастан әлі де кейбір командаларда дәрігер, массажист пен спорт психологы тұрақты жұмыс істемейді. Кездесуде Азамат Имашев Қытайдың Харбин қаласында өтетін қысқы Азия ойындары қарсаңында мұндай проблеманың болмауы керектігін ескертті.