Гүлмира Сатыбалдыға қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды
Бұған дейін Сатыбалды 7 жылға бас бостандығынан айырылған еді
Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы келіні Гүлмира Сатыбалдыға қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі хабарлады.
Агенттік Гүлмира Сатыбалды мен басқа да адамдарға қатысты кәсіпкерді заңсыз бас бостандығынан айыру, аса ірі мөлшерде бопсалау және ауыр зардаптарға әкеп соққан өзін-өзі басқару күдігі бойынша тергеуді аяқтады, – делінген ақпаратта.
Қазір процеске қатысушылар қылмыстық іс материалдарымен танысуды аяқтады.
Алматы қаласы тергеу сотының санкциясымен Сатыбалдыға қатысты «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Қылмыстық іс мәні бойынша қарау үшін Алматы қаласының Мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотына жолданды.
Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды.
Бұған дейін Гүлмира Сатыбалды қылмыстық кодекстің 28-бабы, 125-бабының 2-бөлігі 1 және 8 тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот үкімі 4 мамырда шықты.
Қылмыстық іс бойынша Мади Батыршаев 7 жылға бас бостандығынан айырылды, Рашид Өтебеков 5 жылға сотталды. Өтебеков сот залында қамауға алынды. Олардың жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейтіні айтылды.
САТЫБАЛДЫҒА ҚАНДАЙ АЙЫП ТАҒЫЛДЫ?
Гүлмира Сатыбалды 2018-2020 жылдары республика заңдарына қарамастан, «Galanz Bottlers» АҚ-ның ірі акционері болуға ұмтылып, компанияның құны 6 584 244 088 теңге тұратын акциялар пакетінің 43,25%-ын заңсыз иемденгені үшін сотталды. Ол акция Тұрсенғали Алагөзовке тиесілі болған. Осылайша Сатыбалды іс бойынша жәбірленуші Алагөзовтің заңды құқығын бұзған.
Сондай-ақ Гүлмира Сатыбалды Мади Батыршаевпен алдын ала сөз байласып, іс бойынша жәбірленуші Айгүл Мекешеваға тиесілі құны 375 000 теңге «Maxi Bottlers» ЖШС жарғылық капиталының 75%-ын өтеусіз иемденген. Зорлық-зомбылық әрекет қолданған.
Сатыбалды мен Батыршаев Өтебековпен сөз байласып, Мекешеваны ұрлағаны үшін сотталды.
Іс бойынша жәбірленуші кәсіпкер Тұрсенғали Алагөзовтің соттағы өтініші ішінара қанағаттандырылды. Сол арқылы оның пайдасына 6 584 244 088 теңге мөлшерінде материалдық залал «GALANZ bottlers» АҚ-ның 40 355 912,41 (43,25%) жай акцияларын қайтару арқылы өндірілді. Ал моральдық шығын ретінде 1 млн теңге өндіруге үкім шықты.
Екінші жәбірленуші – Айгүл Мекешева. Медиативтік келісім жасасу және талап қоюдан бас тартуға байланысты Мекешеваның азаматтық талабы бойынша іс жүргізу тоқтатылды.