×

Қазақстанда ат шабыс маусымы басталды

Сайыс әртүрлі қашықтықта 9 түрлі ат шабыс бойынша өтті

 Халық үні 01.05.2024 | 19:21
Фото: Halyq Uni

Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының қолдауымен Qazaq Jockey Club Алматы қаласындағы ипподромда биылғы жылдың алғашқы ат шабысын өткізді.

Біздің негізгі мақсатымыз – осындай дүниежүзілік ат жарыстарының құрамына кіру. Қазақ халқы мұны ұшқыр бәйге деп атайды, ал дүниежүзінде классикалық бәйге деп жатады. Бәйгеден мұның айырмашылығы – әр аттың өзінің тұқымына сәйкес қысқа қашықтыққа шабады. Мәселен, 2 жасар жылқылар маусымның ашылуында 1 000 метр қашықтықтан бастап, 1 600 метрге дейін шабады, - дейді Qazaq Jockey Club төрағасы Мақсат Ахаев.

Сайыс әртүрлі қашықтықта 9 түрлі ат шабыс бойынша өтті. Атап айтқанда, «Көктем»жүлдесі (ҚР туған жылқылар үшін), «Көктем»жүлдесі (ашық), «Ашық» жүлдесі (ашық), Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған «1 мамыр» жүлдесі, Гандикап жүлдесі (ҚР туған жылқылар үшін), Жасөспірімдерге арналғанжүлде (ҚР туған жылқылармен), Гандикап жүлдесі (ашық), Талғат Бигелдинов атындағы жүлде (ҚР туған жылқылар үшін), «Кіріс» жүлдесі.

Аталған 9 түрлі ат шабыс 1000, 1200, 1600, 1800, 2000 метр қашықтықта өтті. Оған 2-4 жас аралығындағы Қазақстанның 70 ең үздік сәйгүлігі қатысты.

1000 метр қашықтықта жеңімпаз атанған Мэрайя атты жылқының бапкері Рамазан Амангелді өзі баптаған сәйгүліктің үмітін ақтағанын айтты.

Елімізде ұшқыр бәйгеге деген қызығушылық жылдан-жылға артып кележатқаны қуантады. Бүгінгі ат жарысқа қосқан жылқымыз  Мэрайя – Қазақстанда туған ат, - дейді атбегі.  

Еске сала кетейік, бүгінгі ат жарысынан түскен барлық қаражат су тасқынынан зардап шеккендерге жіберіледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама