Шымкентте кәсіпкерлер электр энергиясы тарифінің көтерілуіне наразылық білдірді

Дастан Жұмабекұлы

Табиғи монополияларды реттеу комитетінің қалалық департаментіне ұсыныс жасалды

Фото: gov.kz/ Шымкент қаласының әкімдігі

Шымкентте 1 сәуірден бастап өңірлік табиғи монополияларды реттеу департаменті тарапынан реттелмейтін энергиямен жабдықтаушы компанияларға берілген лицензиялар уақытша тоқтатылып жатыр. Осы мәселеге байланысты жергілікті кәсіпкерлер жағдайдың бизнеске кері әсер ететінін айтып, наразылық білдірді.

Оtyrar.kz-тің хабарлауынша, бұрын электр қуатына 23-25 теңге аралығында төлейтін бизнес өкілдері үшін баға енді қосымша құн салығын қосқанда 47 теңге 29 тиын болуы мүмкін. 

Бұған дейін Шымкент қаласының кәсіпкерлері сағатына 1 киловат электр қуатына 23-25 теңге төлеп келген еді. Енді бизнес иелері үшін жағдай өзгерді. Сәуір айының басында «Энергопоток» ЖШС-нің монополияға қарсы орган бекіткен тарифі 1 кВт/сағ электр қуатына қосымша құн салығын қосқанда 47 теңге 29 тиынға шықты. Бұл бизнеске кері әсер етеді, - дейді кәсіпкерлер.

«Бал Текстил» ЖШС директорының орынбасары Дәулет Қанашаевтің айтуынша, кәсіпкерлерге реттеуші компания керек емес. Бизнес өкілдері электр энергиясын тікелей ала ма, компания арқылы ала ма, айырмашылық жоқ.

Бізге осы мүмкіндікті беріп, бұрынғы тарифті қалдырса дұрыс болар еді. Бұл жерде кәсіпорындар үшін үлкен проблема туындап отыр. Осыны шешіп берсеңіздер. Президентіміз де, премьер-министр бәрі де «отандық өнімді дамытуымыз керек» деп айтып жатыр. Ал бұл жерде қазір баға 3 есе өскен. Кәсіпорындар банкрот болады, – деді ол.

Кәсіпкерлер мәселені әркім өз жағына тартпай, барлығына оңтайлы жолмен шешу керек деген пікірде.

Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» ҰКП энергетика және ТҮКШ департаментіне осы мәселені шешуге қатысты, ал Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментіне кәсіпкерлік нысандардың ұсыныстары бойынша электр қуатын жеткізу тарифін қайта қарау туралы ұсыныс жасады.