1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні. 1995 жылдың 18 қазанында мемлекет басшысының жарлығымен Қазақстан халқының бірлігі күні бекітілді.
Бастапқыда бұл күн «Қазақстан халықтарының бірлігі күні» деп аталды. Ол кезде Қазақстан халқы ассамблеясының атауында да көптік жалғау болды. Кейінірек өзгеріс енгізіліп, көптік жалғау алынды. Оның мақсаты – Қазақстан халқының біртұтас ел екенін көрсету.
Елімізде 1 мамырға дейін жыл сайын Қазақстан халқы Ассамблеясының отырысы өтеді. Биыл ұйымның XXXIIІ cессиясы 25 сәуірде өтті. Жиынға мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.
Мемлекет басшысы бұған дейін ұйымның жұмысы туралы атап өткен болатын.
Қазақстан халқы Ассамблеясы – бірлігімізді нығайтуға қызмет ететін бірегей құрылым. Ассамблея қасиетті қазақ жерін мекен еткен барша этносты ұйыстырып отыр. Онда еңбек етіп жүрген азаматтарды бірліктің елшісі деуге болады, - деді Тоқаев.
Сондай-ақ елімізде ұлтаралық бірлік пен достықты нығайтуға арналған тағы бір дата бар. Ол – Алғыс айту күні. Бұл мерекені ассамблея құрылған күні – 1 наурызда мерекеленеді.
Мерекенің басты мақсатының бірі – өскелең ұрпақты достық, бір-біріне деген құрмет пен толеранттылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу, Қазақстанда этникаралық келісім мен ұлтаралық қарым-қатынасты нығайту.
Ұлттық статистика бюросының 2024 жылдың басындағы статистикасы бойынша, Қазақстанда халық саны 20 033 842 адам. Еліміздегі халықтың 70 пайыздан астамы (14 220 321) қазақ ұлтынан тұрады.
Қазақстан халқының жартысынан астамы (12 451 192 адам) қалада тұрады, ауылдарда тұратын адамдардың саны – 7 582 650.