Табиғи апат: 6,5 мың адам әлі эвакуациялау пункттерінде
Тасқынға қарсы 17 мың адам жұмылдырылған
Қазақстандағы су тасқыны салдарынан зардап шеккен 6,5 мың адам әлі эвакуациялау пункттерінде. Бұл туралы ТЖМ өкілі Асқар Шәріп айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша, бүгінде Атырау облысында 41 елді мекенде су бөгеттері салынып жатыр.
Су тасқыны кезінде өңірде 500 шақырымнан аса қорғаныс салынды. Бүгінде облыста 10 өңірден келген ТЖМ қызметкерлері және әскерилер бар. Сағат сайын Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері Жайық өзенінде судың деңгейін бақылап отыр. Қазір Құлсары қаласында 2 564 тұрғын үйден су шығарылды, - деді Асқар Шәріп ОКҚ-да өткен брифингте.
Сонымен қатар Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында азаматтық қорғау қызметі, волонтерлер тасқын салдарын жойып, зардап шеккендерге көмектесіп жатыр.
Еліміз бойынша 39 352 адам өз үйлеріне оралды. 6 552 адам – эвакуациялау пункттерінде. Бүгінде Қазақстанда 7 089 жеке тұрғын үй мен 2 834 ауладан су сорылды, - деді ТЖМ өкілі.
Су тасқыны басталғалы бері 13,1 млн текше метр су сорылған, 7,6 млн қап және 1,5 млн тонна инертті материал төселген.
Бүгінде тасқынға қарсы жұмысқа 17 мыңнан аса адам, 2 мыңға жуық техника, 291 су сору құралы, 200 жүзу құралы, 7 әуе кемесі жұмылдырылған, - деді Асқар Шәріп.
Төтенше жағдай министрлігі қазақстандықтарды табиғатқа шыққан кезде өрт қауіпсіздігі ережесін сақтауға шақырады.