Мектеп оқушылары да онлайн казино ойнайды. Қазақстанда 40 мың адам өзін құмар ойыннан шектеді
Заң жобасы Мәжілісте талқыланды
Парламентте лудоманияға қарсы әзірленген заң жобасы қаралып жатыр. Сарапшылар бұл заң нарықты реттейді деген пікірде, ал букмекерлер оның тиімділігіне күмәнмен қарайды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Астанада өткен «Neforoom» алаңында сарапшылар елдегі лудомания мәселесін талқыға салды. Мәжіліс депутаты Айтуар Қошмамбетовтің пікірінше, мемлекет нарықты реттеуді көздейді.
«Қазір болып жатқан қалыпты нәрсе. Автомобиль мен мопед пайда болды, бірақ жол жүру ережесі мен жол белгілері жоқ деп елестетіп көріңіз. Қазір біз бастапқы реттеу кезеңінде тұрмыз. «Букмекерлік компаниялардың жарнамасы болмаса экономика құлайды» деген пікір айтылып жатыр. Бұлай деу қисынсыз. Онлайн букмекер кеңселері нарығының пайда болғанына көп болған жоқ. Әрі кетсе 10 жыл болған шығар. Еліміз онсыз да күнін көрді. Жарнаманың басқа да түрлері бар. Біз онлайн букмекер кеңселерінің жарнамасына толық тыйым салуды көтеріп отырмыз, алайда оны қазіргі кезеңде іске асыру мүмкін емес екенін түсінеміз. Болашақта оған қол жеткіземіз деп үміттенеміз. Баршаға түсінікті болатын ереже қабылдаймыз», - деді ол.
Депутат құмар ойын ойнайтын қазақстандықтардың қатарында мектеп оқушылары барын атап өтті.
«Лудомания проблемасы бекер көтеріліп жатқан жоқ. Сайлауалды бағдарламамен еліміздің барлық өңірін аралап шықтық. Әр өңірде кемі 5-10 адам құмар ойын ойнағанын айтты. Тіпті ер адамдардың жылағанын да көрдік. Бір адам 500 млн теңгені ойынға салған. Арасында табысты кәсіпкерлер де бар. Келтіре берсе мысал көп. Мәселен, мектепке барып 8-сыныптың оқушыларымен кездескенде «Кім бәс тігіп көрді?» деп сұрағанда сыныптың тең жартысы қолын көтерді. «Кім онлайн казино ойнап көрді?» деп сұрағанда қолын оқушылардың 20-30 пайызы қол көтерді. Ол аздай, ресейлік сайттарға кіретінін айтып отыр. Қарапайым мектеп оқушылары заңды қалай айналып өтуге болатынын айтып отыр. Балалар бәс тігіп жүр. Сондықтан бұған көз жұмып, үнсіз отыруға болмайды. Қазір алғашқы қадам жасап отырмыз. Соның арқасында бақылау мәдениеті мен өзара байланыс мәдениеті қалыптасады. Әрі қарай қызметтің бұл түрін реттеудің ең дұрыс жолын табамыз. Басқаша болмайды. Экономика өседі екен деп бетімен жіберіп, хаос орнатып қарап отыруға болмайды», - деді Қошмамбетов.
Депутаттың бұл сөзін экономист Жанат Нұрғалиев қостады. Оның пікірінше, құмар ойын ойнайтын азаматтар Қазақстан экономикасына зиянын тигізбесе, пайда әкеліп жатқан жоқ.
«Букмекер компанияларының жарнамасы болмаса миллиардтаған салықтан қағыламыз» деген пікір айтылып жатыр. Құмар ойын салдарынан қаншама экономикалық белсенді азамат нарықтан тысқары қалып, қаншама өлім-жітім болып жатыр. Еліміз адам санымен де, қаржылық жағынан да ұтылып жатыр. Букмекер контораларынан түспеген салықты нарықтың басқа секторынан табуға болады. Қанша адамның өмірі қиылды, қанша отбасы соның салдарынан ажырасқанын ескеру керек. Құмар ойын ойнайтын азаматтар экономикаға пайда әкеліп жатқан жоқ. Керісінше құмар ойын үшін несие алып жатқан адамдар бар. Өз басым қатаң заң қабылдануы керек деп есептеймін. Спорт және туризм министрлігінің позициясы түсініксіз. Кейбір мәселеге келгенде жеңілдік жасап отыр. Ешқандай да жеңілдік керек емес, бар болғаны реттеп, бақылап отыруы керек», - деді экономист.
Қазақстан букмекерлері қауымдастығының президенті Рауан Кенжалин заңға енгізілетін өзгерістер тиімді болуы керек деп есептейді. Ол қазіргі заңның тиімділігіне күмән келтірді.
«Аталған заң жобасын әзірлеудегі басты міндет лудоманиямен күресу болды. Егер ондай мәселе көтерілсе, демек ондай проблема бар. Біздің ойымызша, басқа фокустағы проблема бар. Енгізілетін өзгертулер тиімді болуы керек. Егер интернеттегі жарнамаға тыйым салып, лудоманиямен күресеміз десек, оны жабу мүмкін емес. Біз өз қолымызбен азаматтарымызды заңсыз нарыққа жібереміз. Онда халықты ешкім қорғай алмайды. Себебі «қара» нарықта сәйкестендіру, шектеу сияқты құралдар жұмыс істемейді. Яғни құқықтық өзгертулердің тиімділігін көрмейміз. Сондықтан рұқсат ету мәселесі туралы айтатын болсақ, мүдделердің теңгерімін қалыптастыру туралы айтып отырмыз. Қүқықтық мемлекет болғандықтан, қазіргі өзгерістердің көбі біздің пікірімізше, асыра өбектеу сипатында болып отыр. Ойыншының жасы, борышкерлердің реестрі туралы айтып отырмыз. Өкінішке қарай азаматтардың конституциялық құқығын ескермей жатырмыз. Бәс тігуге тыйым салу көзделіп отыр, ол – азаматтық құқықты іске асыру. Осылайша заң жобасындағы көптеген түзетулер лудоманиямен күресуге бағытталмаған, керісінше тиімсіз болады», - деді қауымдастық басшысы.
Сондай-ақ Қазақстанда лудомания туралы ғылыми зерттеулердің жүргізілмей жатқанынан назар аударды.
Қазір лудомания туралы ғылыми зерттеулердің жоқ екенін атап өткім келеді. Мысалы, дәл осындай тыйым 2019 жылы Италияда енгізілді. Букмекер контораларын тек спорт телеарналарында ғана жарнамалауға рұқсат берді. Нәтижесінде заңсыз нарықтың айналымы 18,5 млрд еуроны құрады, бұл жалпы айналымның 75 пайызы. Сондықтан аталған заң жобасы халық, мемлекет пен кәсіпкерлердің мүдделерінің теңгерімін сақтай отырып қабылдануы керек, - деді Кенжалин.
Еске сала кетейік, елімізде лудоманиямен күресу туралы заң жетілдіріліп жатыр. Онда интернет ресурстар, БАҚ пен мобильді операторларда букмекер компаниялары мен онлайн казинолардың жарнамасын шектеу көзделген. Блогерлер мен танымал тұлғаларға құмар ойындарды жарнамалауға тыйым салу жоспарланған. Сондай-ақ букмекер контораларында бәсті тігуге рұқсат берілетін жас 21-ден 25 жасқа дейін артады. Заңда алимент пен екінші деңгейлі банктерге несиесі бар азаматтарға құмар ойынға бәс тігуге тыйым салу туралы норма бар. Сонымен қатар мемлекеттік қызметкерлер, құқық қорғау органдары мен әскерилерге құмар ойын ойнап, бәс тігуге тыйым салынады.
Айта кетейік, қазақстандықтар e-gov мобильді қосымшасы арқылы өзін құмар ойындар мен бәс тігуден шектей алады. Талқыланып жатқан заң жобасында азаматтардың құмар ойындардан өзін-өзі шектеу мерзімі 1 жылдан 10 жылға дейін ұзарту көзделген. Бүгінде Қазақстанда 40 мың адам өзін құмар ойыннан шектеген.
Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы және «Қазақстанның Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары бірінші оқылымда талқыланып жатыр.
Заң жобасын депутат Елнұр Бейсенбаев таныстырды. Оның айтуынша, құжатта төмендегі нормалар енгізілген:
Біріншіден, заңда максималды түрде букмекер кеңселері мен казинолардың жарнамасын шектеу қарастырылған. Онда үйлердің қасбетнде, ғимараттарда, құрылыс қоршауларында, көліктердегі сыртқы жарнамаға тыйым салынады.
- Интернет ресурстарында, ресми сайттарда, телеарналар мен радиода, мерзімді баспа басылымдарында, кино беттерінде, мобильді операторлардың SMS-терінде да жарнамаға толық тыйым салынады.
- Енді белгілі блогерлер мен әлеуметтік желідегі танымал тұлғаларға мұндай ойын түрлерін жарнамалауға тыйым салынады.
- Жарнама тек спорт объектілері, спорт бағытындағы сайттар, телеарналар мен спорт іс-шараларында ғана рұқсат етіледі.
Екіншіден, ойында бәс тігу жасы 21 жастан 25 жасқа дейін көтеріледі.
Үшіншіден, өтелмеген алимент және несие қарызы бар азаматтардың құмар ойынға бәс тігу мүмкіндігі шектеледі.
- Яғни борышкерлердің бірыңғай реестрінде мәліметтері бар жеке тұлғаларды құмар ойындарға және бәс тігуге жіберуге тыйым салу белгіленеді.
Төртіншіден, ойнау жасына жетпеген азаматтардың құмар ойындарына және бәс тігуге қатысуы шектеледі. Оларға заңсыз ойын ойнауға мүмкіндік берген заңды тұлғаларға қомақты көлемде айыппұл салынады және қайталанатын жағдайда лицензиялары тоқтатыла тұрады.
Бесіншіден, заңсыз онлайн казино ұйымдастырушыларға Қылмыстық кодекстің 307-бабы бойынша жаза қолданылады.
- Атап айтқанда, мүлкi тәркiленiп, 2 мың АЕК (7 млн 384 мың теңге, 1 АЕК – 3 692 теңге), мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартуға не 2 жылға бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Алтыншыдан, заңсыз лотоматиктер мүлдем жойылады. Сондай-ақ білім беру, медициналық, діни және діни ұйымдар орналасқан тұрғын үйлер мен ғимараттарда лотерея билеттерін таратуға және лотерея терминалдарын орнатуға тыйым салынады.
Жетіншіден, шетелдік ойын бизнесін ұйымдастырушылардың тізімін жүргізу, сондай-ақ банктер мен төлем жүйелеріне олардың пайдасына қаржылық операциялар жүргізуге тыйым салу көзделеді.
Сегізіншіден, букмекерлік кеңсенің немесе тотализатордың қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушылардың өз аппараттық-бағдарламалық кешендерінің Мемлекеттік кірістер органының ақпараттық жүйелерімен интеграциялануын қамтамасыз ету міндеті белгіленеді.