Жеті мыңнан астам тұрғыны бар Булаев қаласының халқына су кестемен беріледі

Самат Жақып

Тұрғындар таза суды малға да, бау-бақшаға да пайдаланады

фотолар: Halyq Uni

Солтүстік Қазақстан облысында су мәселесі әлі күнге дейін өзекті. Ауылды айтпағанда, өңірдегі шағын қалалардың өзінде осындай проблема бар. Мәселен, Булаев шаһарында жаз мезгілінде ауыз су кестемен беріледі. Ал мәселенің туындағанына үш жылдай уақыт болған, деп хабарлайды Halyq Uni тілші.

Булаев қаласы – Мағжан Жұмабаев ауданының әкімшілік орталығы. Ресей шекарасына жақын орналасқан шаһарда бүгінде жеті мыңнан астам адам тұрады. Халық саны жыл санап артып келеді. Жаппай үйлер салынып, әлеуметтік нысандар да бой көтеріп жатыр. Дегенмен, тұрғындар су тапшылығы барын айтып отыр. Себебі халықты ауыз сумен тұрақты түрде қамтамасыз етуге тіршілік нәрінің қоры жеткіліксіз. Сондықтан мұндағылар ішер суының өзін үнемдеуге мәжбүр. Ал күн жылыса сыздақтап аққан судың қысымы төмендейді.

«Суды көшедегі коллонкадан аламын. Суды үйге кіргізіп алуға ақшам жетпейді. Алатын зейнетақым азық-түліктен артылмайды. Бұл колонкалар жиі істен шығады. Қыста тіптен қиын, қатып қалады. Міне 2-3 жылдай болды, жаз мезгілінде сөндіріп тастайтын болды. Кейде ақырын ағады. Жасыратыны жоқ, осының кесірінен халық бау-бақша егуден, тіпті мал ұстаудан қалды», - дейді Булаев қаласының тұрғыны Надежда Михайлова.

БИЛІК ХАЛЫҚТЫ СУДЫ ҰТЫМДЫ ПАЙДАЛАНУҒА ШАҚЫРЫП ОТЫР

Жергілікті халық  өздері аулаларында құдық қазып алуға да тырысқан. Алайда жер асты суы тек 30-50 метрден асқан кезде ғана шығады. 2017 жылы тасып, бірнеше үйді басып қалған қала шетіндегі көл де құрғап қалған. Сондықтан тұрғындар таза суды малға да, бау-бақшаға да пайдаланады. Жергілікті әкімдік өкілдері бұл мәселенің бар екенін жоққа шығармайды. Айтуынша, тұрғындар күніне орта есеппен 500 текше мерт су пайдаланады екен. Алайда жазда бұл көрсеткіш екі есеге дейін артады. Сондықтан жауаптылар қала шетінде орналасқан көл маңынан билік пирс орнатпақшы. 

«Су қоймасы маңын абаттандырамыз. Қауіпсіздік шаралары үшін аумақ қоршалады. Яғни, тұрғындар техникалық суды осы жерден тегін алатын болады. Ол үшін арнайы су сору құрылғысын орнатуды жоспарлап отырмыз. Бірақ қаланың басқа жағында тұратындарға бұл жобамыз тиімсіз болатын шығар. Бірақ бұл жаз уақытында тығырықтан шығудың жалғыз амалы. Негізі, соңғы жылдары климат қатты өзгерді. Екінші көл бар. Бірақ ол мамыр айында тартылып, құрғап қалды», - дейді Булаев қаласының әкімі Азамат Қараубаев.

Болашақта қалада сорғы станциясы қайта жаңғыртылады. Ол үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Содан кейін жоба мәслихат қарауына жіберіледі.

Екі су мұнарасын орнатуды жоспарлап отырмыз. Барын қайта жаңартамыз. Сондай-ақ су қорын қажетті мөлшерде жинау үшін бізге жалпы көлемі мың текше метр болатын тағы бір резервуар қажет, - дейді қала басшысы  Азамат Қараубаев.

ТҰРҒЫНДАР СУДЫҢ АҚШАСЫН ТӨЛЕМЕЙДІ

Бүгінде Мағжан Жұмабаев ауданының орталығындағы көшелерде 200-ден астам колонка орнатылған. Оның 140-қа жуығы қазір жұмыс істеп тұр. Бірақ олардың саны тағы да қыcқарады. Себебі шаһарды тіршілік нәрімен қамтамасыз етіп отырған коммуналдық кәсіпорын шығынға бата бастаған.

«Бүгінде жергілікті тұрғындардың кәсіпорын алдындағы берешегі - 2,5 миллион теңге. Адамдар төлем жасаудан үзілді-кесілді бас тартуда. Сондықтан колонкалардың санын жазда қысқартамыз. Бұл мәжбүрлі шара. Өйткені халық ол үшін ақша төлемейді», - дейді «Булаев Су» ЖШС бас директоры Жәнібек Жаңаділов.

Булаев қаласында екі жарым мыңнан астам үй бар. Олардың жартысынан астамы магистральдық су құбырына қосылған. Тұрғындар тіршілік нәрін үйіне тарту тиімді болуы үшін аудандық бюджеттен қосымша қаржы бөлініп, тағы 10 құдық қазылмақшы.

Жалпы бүгінде Булаев қаласындағы су құбыры магистарльінің ұзындығы 50 шақырымды құрайды. Ал олардың жартысы әбден тозған.

Жыл соңына дейін Солтүстік Қазақстан облысында 55 елді мекенге су тартылады. Олардың арасында тек қана құдыққа қарап отырған ауылдар да бар. Бұл мақсатқа ел қазынасынан 12 миллиард теңге бөлінді.