РФ-да есірткі қылмысы үшін сотталғандардың саны 10-нан аспайды
Ресейде есірткі таратқаны үшін сотталған Қазақстан азаматтары Украинадағы соғысқа қатыспаған. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Сыртқы істер министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында журналистердің бірі ведомство өкіліне «ҚР Бас прокуратурасына бір топ ата-ана келіп, шағым қалдырған. Олар ұлдарының Ресей түрмелерінде жатқанын айтты. Олардың үстінен нашақорлық бойынша (қылмыстық) іс қозғалған. Осылайша олар қамау отыр. Ата-аналар (Ресей тарапы) балаларын соғысқа үндеп жатқанын айтады. Сондай-ақ биліктен балаларының үстінен қозғалған істерді Қазақстанға әкеліп қарауды сұрайды. Кейінгі уақытта осындай ата-аналардың көбейгені байқалады. Екі жылда 100-ге тарта адам осындай іспен қамауға алынған. Министрлік жағдайға түсінік бере ала ма?» деген сұрақ қойды.
Айбек Смадияров Сыртқы істер министрлігі жағдайдан хабардар екенін жеткізді.
Сіз 100-ге тарта адам деп айттыңыз – жалған ақпарат. (Есірткі таратқаны үшін сотталған Қазақстан азаматтарының саны – авт.) 10-нан аспайды. Бұл фактіні бәрін білеміз. Бұл азаматтар жұмысты Telegram арналардан немесе әлеуметтік желіден тапқан. Олар қайда баратынын, не істейтінін білген. (Ресейдегі) Қазақстан консулдары олардың туыстарымен байланыс орнатып, бірнеше рет қазақстандықтармен кездесті. РФ Сыртқы істер министрлігі, жергілікті билікпен байланыстамыз, - деді ол.
СІМ ресми өкілі Ресей түрмесінде жазасын өтеп жатқан қазақстандықтар Украинадағы соғысқа қатыспағанын атап өтті.
Ресей түрмелерінде отырған Қазақстанның бірде-бір азаматы (Украинадағы – авт.) соғысқа барған жоқ. Бірде-бір факті тіркелмеді. Оны 100 пайыз растай аламыз, - деді Айбек Смадияров.
Айбек Смадияров Қазақстан азаматтарын сақ болуға шақырды.
Әлеуметтік желіде немесе Telegram-дағы арналарда Ресейде жұмыс істеу туралы ұсыныс келіп жатса, оны мұқият тексеріңіздер. Қауіпсіздікті ойлаңыздар, - деді ол.