Экологиялық заңнаманы бұзудың 7 мыңнан астам фактісі анықталды

Динара Амантай

9 тонна балық тәркіленді

Фото: Halyq Uni

Жыл басынан бері тәртіп сақшылары экологиялық заңнаманы бұзудың 7 мыңнан астам фактісін анықтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Заңсыз айналымнан тыйым салынған 15 мың метрден астам балық аулау торлары, 9 тонна балық және балық өнімдері, шамамен 3,5 мың ақбөкен мүйізі, 135 аңшы мылтығы, 81 текше метр заңсыз кесілген ағаштар тәркіленді. Балық өнімдерінің заңсыз айналымына тосқауыл қою мақсатында Жайық-Каспий бассейні аумағында «Бекіре» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр.

Маңғыстау облысының Түпқараған ауданында бір үйде тінту жүргізу барысында жалпы салмағы 72 келі болатын 13 дана бекіре балығы тәркіленді. Атырау облысында Жайық жағалауын патрульдеу кезінде күдіктілерден 6 қапшыққа салынған 30 дана бекіре және сазан балықтары табылып, «Бекіре тұқымдас балықты өсіру зауытына» тапсырылды, – деді ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.

Сонымен қатар қазір республика көлемінде халықтан заңсыз сақталған қару мен оқ-дәрілерді сатып алу акциясы жүргізіліп жатыр. Акция басталғалы бері ішкі істер органдарына азаматтар тарапынан 422 атыс қаруы тапсырылды.