«Отставкаға кетуге дайынсыз ба?». Өнеркәсіп министрі депутаттардың сынына ұшырады
Ведомство басшысы сұрақтарға нақты жауап бере алмаған
Мәжілістегі Үкімет сағатында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев депутаттардың сынына ұшырады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Жиында Қазақстандағы өңдеу өнеркәсібі талқыланды. Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек министрдің жұмысына көңілі толмайтынын ашық айтты.
Бүгінгі Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың баяндамасы мен Мәжілістегі Үкімет сағатына көңілім толмады. Себебі, министр Мәжіліс депутаттарының емес, өзінің ұжымы алдында сөйлеп тұрғандай әсерде болдым.
Статистикада нақтылық жоқ. Мысалы, біз министрден нақты инвесторларды білгіміз келді. Сіздің есебіңізді оқып шықтым. Нақты инвесторлардан сіз Samsung, KIA және бірнеше неміс компанияларын жұмыс істеуге шақырғансыз. Демек сіз біздің алдымызда ештеңемен мақтана алмайсыз. Cіз алдымызға ұлттық экономикамызға қаржы құйған қандай инвесторларды шақырғаныңызды айту үшін келдіңіз? Бұдан қарапайым халық не ұтады? Соңғы тұтынушы – халық. Сіз өндірісті ашып, қанша жұмыс орнының ашылуын қамтамасыз ете аласыз?», - деді ол.
Депутат министр есеп беруге дайын болмаса, Парламентке келудің қажеті жоқ деп есептейді.
Альберт Павлович (Мәжіліс төрағасының орынбасары), мен министрдің жауапкершілігі мәселесін көтергім келеді. Ол Мәжілістегі Үкімет сағатында депутаттардың ескертуін елемей отыр.
Министр мырза, сіздің жүйкеңіз шыдамаса, Парламентке келмеңіз. Сіз Парламентке депутаттардың алдында есеп беру үшін келдіңіз. Депутат дегеніміз – халық. Депутаттар ыңғайсыз сұрақтар қойса да жауап беріңіз. Сіз халықтың алдында жауап беруіңіз керек, - деді Бақытжан Базарбек.
Депутат Мұрат Әбенов те әріптесінің сын-ескертпесін қолдады.
«Мен бес сұрақ қойдым, соның біреуіне де жауап ала алмадым. Депутат Бақытжан Базарбек дұрыс айтты. Бүгін министр не үшін келді? Бұл есеп беру емес қой. Біз «Ықпалды Парламент, есеп беруші Үкімет» деп айтамыз. Дегенмен Үкімет сағатына келіп, ақылдасып, проблеманы ортаға салып, бір-бірімізге шыңдықты айтатын жер ғой. Мен бостан-босқа айтқан жоқпын. Былтыр 170 жоба іске асуы керек болды. Ол зауыттар жұмыс істеуі керек еді. Оның сегізі ғана акт бойынша іске қосылған. Бірақ бұл туралы бірде-бір ақпарат естіген жоқпыз. Себебі не?», - деді Мұрат Әбенов.
Депутаттың пікірінше, министр Қанат Шарлапаев қызметін лайықты дәрежеде атқара алмаса, отставкаға кетуі керек.
Бақытжан Базарбектің айтуынша, Кублей зауыты, асфальт зауыты, цемент зауыты – барлығы жабылудың алдында тұр. Министр ол туралы бірде-бір сөз айтпайды. Бізге әдемі күліп жауап беріп тұр. Меніңше, күлетін емес, жылайтын нәрсе. Министр жылдың аяғына дейін 1 млн шина шығарамыз деп айтты. Егер шынымен азамат болсаңыз, жылдың аяғына дейін 1 млн шина шықпаса, онда отставкаға өтініш беріңіз. Бере аласыз ба? Әлде үндемей, бізге тағы күліп жағдайды айтып кетесіз ба? Үкімет алдағаннан кейін халық бізге де сенбейді, - деді Мұрат Әбенов.