СҚО-да браконьерлікпен айналысқан қылмыстық топтың мүшелері сотталды
Олар мемлекетке 68 миллион теңгеден астам шығын келтірген
Солтүстік Қазақстан облысында заңсыз аңшылықпен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері сотталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Толығырақ айтқанда, 23 сәуірде ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында заңсыз аңшылықпен айналысқандарға қатысты үкім заңды күшіне енді.
Сотта бұлтартпас дәлелдер бола тұра, 4 айыпталушы жасаған қылмыстары үшін өз кінәларын мойындамай, жасаған қылмыстарына өкінбеген. Осыған қарамастан, мемлекеттік айыптаушы Петропавл қаласының 4 тұрғынының облыс орталығы маңында 53 елікті заңсыз атып, мемлекетке 68 миллион теңгеден астам шығын келтіргенін дәлелдеді.
Петропавл қалалық соты прокуратураның пікірімен келісе отырып, барлығын 8 жылдан 11 жылға дейін нақты бас бостандығынан айыруға соттап, олардан келтірілген материалдық шығынды өндіріп алу туралы үкім шығарды.