«Болашақтың ойындары» 2026 жылға ауыстырылады
Сайыс қаржыны үнемдеу мақсатында кейінге шегерілді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздегі су тасқыны салдарын жою және зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету үшін қаржыны үнемдеу мақсатында елімізде өтетін имидждік және басқа да ірі іс-шараларды өткізбеу және кейінге шегеру туралы берген тапсырмасына байланысты, биыл күзде ұйымдастырылатын Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу шығындарын оңтайландыру, «Болашақтың ойындары» халықаралық мультиспорт турнирін ұйымдастыру және өткізу бойынша дайындық жұмыстарын 2025 жылдан 2026 жылға ауыстыру туралы шешім қабылданды, деп хабарлады Туризм және спорт министрлігі.
Еске сала кетсек, биылғы ақпанда президент Тоқаев Татарстанның Қазан қаласында өткен «Болашақтың ойындары» сайысының ашылу салтанатына қатысып, келесі жылғы мультиспорт турнирінің Қазақстанда өтетінін мәлімдеген еді. Ал Қазанда цифрлық және классикалық спортты біріктіретін 21 инновациялық фиджитал бағдарламасы бойынша өткен ойындарда Қазақстанның ойыншылары мен командалары спорттың 13 түрі бойынша сайысқа түсті.
Жалпы, бұл турнирде еліміздің 48 өкілі бақ сынады.