×

«Күміс жас» жобасы аясында 10 мыңға жуық адам жұмысқа орналасты

Жобаға қатысу үшін мансап орталығына өтініш беру қажет

 Динара Амантай 26.04.2024 | 09:38
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

2024 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша, «Күміс жас» жобасы бойынша 9,9 мың адам жұмысқа орналасты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, биыл осы бағыт бойынша барлығы 19 мың 60 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланған.

Бұл жобаға 50 жастан асқан жұмыссыз адамдар зейнет жасына толғанға дейін қатыса алады. Жобаға қатысу үшін мансап орталығына өтініш беру қажет.

«Күміс жас» жобасын қаржыландыруды еңбек мобильділігі орталығы жұмыс берушінің жоба шеңберінде жұмысқа орналасқан жұмыссыздарға еңбекақы төлеуге жұмсаған шығындарының бір бөлігін өтеуге субсидиялар беру жолымен іске асырады. Субсидиялар мөлшері: жұмыстың бірінші жылында жалақы мөлшерінің 70%-ы (бірақ 30 АЕК-тен аспайтын), жұмыстың екінші жылында жалақы мөлшерінің 65%-ы (бірақ 30 АЕК-тен аспайтын), жұмыстың үшінші жылында жалақы мөлшерінің 60%-ы (бірақ 30 АЕК-тен аспайтын).

«Күміс жас» жобасына қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін жұмыс беруші зейнет жасына толмаған адамды кемінде 1 жыл мерзімге тұрақты жұмыс орнына, сондай-ақ зейнет жасына дейінгі адамды зейнетке шыққанға дейін жұмысқа орналастыруға міндетті.

«Күміс жас» жобасы бойынша жұмысқа орналасқандардың ең көп саны Түркістан облысында – 1,8 мың адам, Жамбыл облысында – 896 адам, Абай облысында – 619 адам және Шымкент қаласында – 689 адам байқалады. Жобаға қатысатын әйелдердің үлесі – 55,6% немесе 5,5 мың адам, ауыл тұрғындарының үлесі – 5,7 мың адам немесе 58,2%.

Республика бойынша орташа жалақы мөлшері – 135,6 мың теңге, осы мәннің ең жоғары көрсеткіші – Шығыс Қазақстан (202,7 мың теңге), Қызылорда (180 мың теңге) облыстарында және Астана қаласында (177,6 мың теңге), ең төмен көрсеткіші – Батыс Қазақстан облысында (100 мың теңге) және Алматы қаласында (98,3 мың теңгеден).

Елордада биыл «Күміс жас» жобасы бойынша мыңнан астам адамды жұмысқа орналастыру жоспарланып отыр.

Еске сала кетсек, төтенше жағдай жарияланған аудандар мен қалаларда субсидияланатын жұмыс орындарына жұмысқа орналасқан қазақстандықтар жалақыны өзгеріссіз алуды жалғастырады. Төтенше жағдай кезеңінде субсидияланатын жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылған жұмыссыз адамдардың жалақысын еңбек мобильділігі орталығы жұмыс берушілерден мәліметтер талап етпей төлейтін болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама