Алматылық 75 жастағы кейуана пауэрлифтингтен Азия чемпионы атанды
Қоссайыста 165 келі салмақты еңсерген
69 жасында спортқа бет бұрып, 75 жасында жеңіске жеткен алматылық Светлана Казанцева спортпен шұғылдану ешқашан кеш еместігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Ол туралы бүгін «Хабар 24» телеарнасы хабарлады.
Пауэрлифтингтен Азия чемпионатын жеңіп алған ардагер спортшының ендігі арманы – әлемдік шыңды бағындыру. 80-ге таяса да әлі сергек, себебі спортты жанына жақын тұтқан. Саламатты өмір салтын ұстанған Светлана Казанцева дене тәрбиесінің денсаулық кепілі екенін кеш ұққанын айтады. «Егер кәсіпқой спортты ерте жастан қолға алғанымда осы күні әлемдік рекодтардың талайын ауыздықтайтын едім», – деп ағынан жарылды ардагер спортшы.
Шынын айтсам, спортқа ойламаған жерден келдім. Жон арқам тырысып, тіпті әрі-бері жүруімнің өзі қиындап кеткен соң қызыма бар жағдайымды айттым. Ол өзі спортшы болатын. Жаттығуына шақырды. Дәрігерге барғанша бой жазып, спортпен шұғылданып көр деді. Міне, бәрі содан басталды, - дейді Светлана Казанцева.
Осылайша қызының ақылына құлақ асқан Светлана 69 жасында жаттығу залына бас сұғады. Пауэрлифтинг спорты сол күннен бастап Казанцеваның серігіне айналып, уақыт өте келе жарысқа қатыссам деген арман пайда болды. Бапкері Иван Давыденко ол шешіміне қарсы болмапты.
Ол кісінің спортқа деген қызығушылығы күн санап артты десем, қателеспеймін. Буын-буындары ауырып келген соң басында көп қинаған жоқ едік. Уақыт өте келе нәтижесі жақсара берді. Жарысқа қатыссам деген ниетін білдірді. Күнделікті құлшынысын көріп, қалай жоқ дейін. Тәуекел дедік, - дейді жаттықтырушы.
Содан Светлана Казанцева пауэрлифтингтен ардагерлер арасындағы Азия біріншілігінде қоссайыста 165 келі салмақты еңсеріп, Азия чемпионы атанды.
«Ең бірінші осы спортқа алып келген қызыма, одан кейін жаттықтырушыма алғыс айтамын. Осы спорттың арқасында қазір ауру-сырқауым жоғалды. Тіпті автобустарға секіріп мінем десем де болады», - дейді ардагер спортшы.
75 жасында құрлықты мойындатқан ол енді 80 жасында әлемдік шыңды бағындырсам деп отыр.