Су басқан өңірдегі диқандар дән егіп үлгере ме? – депутаттық сауал

Дәурен Ерболат

Үкімет шұғыл шешім қабылдауы керек

Фото: Depositphotos.com

Тасқын болған өңірлердегі диқандар дән егіп үлгермеуі мүмкін. Бұл туралы сенатор Арман Өтеғұлов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Депутаттық сауал премьер-министр Олжас Бектеновке жолданды. Оның пікірінше, Үкімет шаруалардың мәселесін шешу үшін жедел әрекет етуі керек.

Астық егетін өңірлерді су басты. Сондықтан көктемгі егіс науқанына қатысты мәселе туындап отыр. Қазір егін егу мерзімінің ұзарып кету қаупі бар. Ал бау-бақша, көкөніс өсірушілердің, саяжай серіктестіктерінің жағдайы өте нашар. Олардың техникалары, суару жүйелері мен трансформаторларына зақым келді, жылыжайлар бұзылды, егіс алқабы су астында қалды. Жедел деректер бойынша, Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында 200 тоннаға жуық тұқым сақталған қоймаларды су басқан. Өкінішке қарай, Ауыл шаруашылығы министрлігі еліміздегі су астында қалған егістік туралы нақты мәлімет бермей отыр, - деді Арман Өтеғұлов.

Сондықтан депутат мәселеге алаңдаушылық білдіріп, Үкіметтен төмендегі сұрақтарға жауап беруді сұрады:

  • Бүгінде су басқан өңірлердегі зардап шеккен егістік көлемі қанша?
  • Қанша егістік тасқын салдарынан айналымнан шықты?
  • Биыл фермерлер егін егіп үлгере ме?
  • Оған үлгермеген шаруалардың шығыны өтеле ме?
  • Шығын болған мал басын толтырудың тетігі бар ма?
  • Қанша ауыл шаруашылығы техникасы суға кетіп, істен шықты?
  • Оларды қалпына келтіру жұмысы қалай жүргізіледі?