Қауіпті аурудан өлген: үш өңірде мал көмілген 12 нысанды су басқан
Қазақстанның бас санитары «су тасқынынан кейін жұқпалы ауру көбейеді» деген ақпаратты жоққа шығарды
Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова «Қазақстандағы су тасқынынан кейін жұқпалы аулулар тарайды» деген қауіпті жоққа шығарды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Сенаттың жалпы отырысында депутат Бибігүл Жексенбай өзекті мәселені көтерді.
«Қазір су тасқыны салдарынан өңірлерде жұқпалы аурулар таралу қаупі бар. Экологтар мен дәрігерлер тасқын су «сібір жарасын» жұқтырған мал көмілген жерлерді де ашып тастайды деген қауіпті жасырмайды. Қарғын су кезінде кеміргіштер түрлі гепатит, тырысқақ, сүзек және тағы басқа қауіпті аурулардың қоздыршығы болатыны белгілі. Көрші Ресейдегі жағдай да осындай болып тұр...», - деді сенатор.
Денсаулық сақтау вице-министрі еліміздегі эпидемиологиялық жағдай тұрақты екенін атап өтті.
Елімізде су тасқыны басталғаннан кейін біз Ресейдің бас мемлекеттік санитар дәрігерімен байланыс орнаттық. 2-3 күн сайын осы эпидемиологиялық жағдай туралы және судың қауіпсіздігі, суды зерттеу нәтижесі бойынша және профилактикалық эпидемиологиялық шаралар туралы пікір алмасамыз, - деді Айжан Есмағамбетова.
Ол өңірлерде жұқпалы аурулар тарамас үшін қандай жұмыс атқарылып жатқанына тоқталды.
«Су тасқыны басталғаннан кейін Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет күшейтілген режимде жұмыс істейтін болды. Су арқылы таралатын жұқпалы аурулардың алдын алу үшін судың қауіпсіздігі, сумен қамтамасыз етуге бақылау күшейтілді. Осы күнде 10 мыңнан астам судың зерттеуі жүргізілді. Нәтижесінде су арқылы таралатын жұқпалы аурулардың қаупі өте төмен екені анықталды», - деді министрдің орынбасары.
Айжан Есмағамбетова Қазақстандағы барлық эвакуациялық пунктте ДСМ мамандары тәулік бойы жұмыс істеп жатқанын атап өтті.
Қазір судың астында 6 мыңнан астам эпидемиологиялық маңызы бар объекті қалды. Оларға күн сайын мониторинг жүргізіледі. Сондай-ақ су кеткеннен кейін эпидемиологиялық маңызы бар объектілерде дезинфекциялық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгінде 4 мыңнан астам объектіде дезинфекциялау жүргізілді. Оған Қорғаныс министрлігінің мамандары көмектесіп жатыр, - деді ол.
Вице-министрдің айтуынша, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында мал көмілген 12 нысанды су басқан. Мұнда көмілген малдың бәрі қауіпті аурудан қырылған.
«Су кеткен жерлерде ветеринарлармен бірге тиісті жұмыс жүргізілуде. Топырақтан сынамалар алынды. Зерттеу нәтижесінде потогенді микроағзалар анықталмады. Бірақ осыған қарамастан сібір жарасы және басқа аурудан өлген мал көмілген орындарға дезинфекция жасалды. Солтүстік Қазақстан облысында сібір жарасы және мал көмілген орындарды әлі де су басып тұр. Бұл жерлер зерттеліп, потогенді микроағзалар анықталмады. Су тартылғаннан кейін, тағы да осындай жұмыс жүргізіледі», - деді Айжан Есмағамбетов.
Бұған дейін Қазақстанда тасқыннан 8,2 мың мал басы қырылғаны хабарланды. Қырылған малдың 70%-ға жуығы – ұсақ мал.