Атырау облысында өртенген пәтерден 2 баланың мәйіті табылды
Тағы екі адам ауруханаға жеткізілді
Атырау облысында пәтер өртеніп, салдарынан 2 бала қаза тапты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Облыстық ТЖД-ның мәліметінше, бүгін сағат 5:37-де Индер ауданы Индербор кенті Махамбет көшесіндегі 5 қабатты тұрғын үйлердің бірінде түтін шығып жатқаны туралы хабарлама түскен. Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткен кезде аталған мекенжайдағы 5 қабатты тұрғын үйдің 2-қабатында орналасқан пәтердің толықтай жанып кеткенін анықтады.
Өрт кезінде үйдің жатын бөлмесінен 2014 жылы туған және 2017 жылы туған балалардың денелері табылды. Сондай-ақ 1995 жылы туған Н.С. есімді анасы және 1994 жылы туған ер адам ес-түссіз күйде табылып, аудандық орталық аурухананың жансақтау бөліміне жедел жәрдем қызметкерлерімен жеткізілді, – делінген ТЖМ хабарламасында.
Өрт сағат 6:02-де оқшауланып, сағат 06:10-да толықтай жойылды.
Өрттің шығу себебін анықтау мақсатында Атырау қаласынан өрт-зерттеу зертханасы жұмыс істеп жатыр.