Үйінен кетіп қалатындардың 55%-ы – қыз
Жамбыл облысында жыл басынан бері полицейлер еріктілермен бірге жоғалған 70-тен астам жасөспірімді тапты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Жыл басынан бері Жамбыл облысының полицейлері «Лидер KZ» еріктілерімен бірлесіп, жоғалған 77 жасөспірімді іздестіріп, олардың 68-ін сол күні тапты. Статистикалық мәліметке сүйене отырып, полицейлер балалар мен жасөспірімдердің өз бетінше кетуінің негізгі себептерін анықтады. Олар: ата-аналармен жанжал және олардан қорқу, қаңғыбастық, балалардың еркелігі мен жауапсыздығы, кезбелік. Негізінен үйден мектепте оқитын балалар кетіп қалып жатады, ал колледж студенттерінде бұл жағдай сирек кездеседі. Кетіп қалатындардың 55%-ы – қыз.
Бүгінде Жамбыл облысының полицейлерімен бірге 25-68 жас аралығындағы 50-ден астам ерікті адамдарды іздеуге көмектесіп жатыр.
Менің тәжірибемде болған ерекше оқиға – ата-аналарымен ұрысып, үйден кетіп қалған 3 қызды тапқанымыз. Олардың бірі үйден қашып кеткен, себебі анасы оны кешке отырысқа жібермеген. Ал қыз болса, төсек жаймасын пайдаланып, үшінші қабаттың терезесінен шығып кеткен. Біз полицейлермен бірге қыздардың жалға алған пәтеріне бардық. Оларды пәтерден сыртқа шығару қиын болды. Әңгімелесуден кейін барлығы сәтті аяқталды. Тәртіп сақшыларының әрдайым жедел әрі жоспарлы түрде жұмыс істейтінін атап өткім келеді. Бұл бірлескен іздеу жұмыстарын айтарлықтай жеңілдетеді, – деді «Лидер KZ» еріктілер қозғалысының жетекшісі Наталья Афанасьева.
Барлық кәмелетке толмағандар мен ата-аналары және заңды өкілдерінің қатысуымен аталған деректерге жол бермеу бойынша профилактикалық әңгіме жүргізілді.
Балаларыңызға мұқият және мейірімді болыңыздар, олардың мәселелерін бірге шешіңіздер. Сонда балаларыңыздың үйден қашып кетуі екіталай. Егер бұндай жағдай болса, сіз дереу полицияға баруыңыз керек. Өзіңізбен бірге баланың құжаттары мен фотосуреттері болуы қажет, – деді ПД ЖПҚБ ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры Әлішер Қалышев.