Астанада пәтерлерге айналған техникалық қабат бұзылады
Тұрғын үй кешенінің екі блогында 12 пәтерді бөлшектеу жұмыстары жүргізіліп жатыр
Астанада пәтерлерге айналдырылған техникалық қабат бұзылады, деп хабарлады қала әкімдігі.
«Елімай Сити» ТК құрылысына тапсырыс беруші техникалық қабатты пәтерлерге қайта жабдықтау бөлігінде бекітілген жобадан ауытқу арқылы құрылыс-монтаждау жұмысын жүргізді.
Осылайша, Астана қаласының қала ортасының сапасы және бақылау басқармасы құрылыс салушыға қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама жасап, бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берді.
Бұдан басқа, басқарма Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына объектіні сараптамадан өткен бекітілген жұмыс жобасына сәйкес келтіру жолымен анықталған бұзушылықтарды жою туралы талап арыз жолдады.
Бүгінде құрылыс салушы шешімді орындау үшін тұрғын үй кешенін жобалық құжаттамаға сәйкес келтіру мақсатында заңсыз тұрғызылған қоршау конструкцияларын бөлшектеу бойынша іс-шаралар жүргізіп жатыр.
Жалпы алғанда, салынып жатқан тұрғын үй кешенінің екі блогында 12 пәтерді бөлшектеу жұмыстары жүргізілуде. Тұрғын үй кешені Нұра ауданында Қорғалжын тасжолы мен E127 көшесінің қиылысында орналасқан.