Құлсарыда мамырға дейін су басқан жерді тазарту аяқталады

Дастан Жұмабекұлы

Қазір Жылыой ауданының орталығында 2 920 үй су астында қалып отыр

Фото: https://t.me/qr_tjm

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласында су басқан аумақты тазарту жұмысы мамырға дейін, яғни келесі аптада аяқталатынын айтты.

Оның айтуынша, Жем өзені арнасынан асып, Құлсары қаласындағы 2 920 үй су астында қалған.

Қазір Атырау облысының Жылыой ауданында тасқын судан бұзылған, бүлінген мүлікті бағалау жүргізіліп жатыр.

Атырау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиевтің мәліметінше, кеше Құлсары қаласының тұрғындарынан 3 676 өтініш түскен. Оның 3 334-і 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем алды. Залалды бағалау және өтеу жөніндегі комиссия өз жұмысын жалғастырып жатыр.

Жалпы, Құлсары қаласы мен Жылыой ауданында қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. 1,4 млн текше метрден астам еріген қар суы сорылды. Түрлі шағын аудандардағы 42 үйде дезинфекциялық іс-шаралар жүргізілді. Алтыншы учаскенің 106 тұрғын үйі, Достық шағын ауданы және 27 кәсіпкерлік нысаны электр қуатына қосылған. Атырау шағын ауданындағы 125 үйде, алтыншы учаскенің 12 үйінде және Достық шағын ауданындағы 58 үйде, сондай-ақ 5 кәсіпкерлік нысанда газбен жабдықтау қалпына келтірілді, – деді ол.

Нысандары су тасқынынан зардап шеккен кәсіпкерлерге келтірілген залалды өтеу жөніндегі консультациялық орталық жұмыс істеп тұр. 82 кәсіпкер кеңес алды.

Жалпы, Атырау облысы бойынша су тасқынына қарсы профилактикалық іс-шаралар 92% аяқталды.