СҚО-да скутер айдаған жасөспірімдердің ата-аналары жауапқа тартылды

Динара Амантай

Полиция бұзушылықтардың алдын алу бойынша жұмысты күшейтті

Фото: polisia.kz

Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер мотоцикл, мопед және скутер жүргізушілері тарапынан бұзушылықтардың алдын алу бойынша жұмысты күшейтті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

21 сәуірге қараған түні Тайынша ауданының орталығында учаскелік полиция инспекторы Yaqi скутерін тізгіндеген азаматты тоқтатты. Басқару құқығы жоқ 31 жастағы жүргізушіден спирттің мүңкіген иісі шығып тұрғандықтан, көлік иесі сараптамаға жолданды. Медициналық куәландыру оның мас екендігін көрсетті. Тәртіп сақшылары құқық бұзушының үстінен әкімшілік материал жинап, сот жүргізушіге 20 тәулік қамауға алу түріндегі жаза тағайындады.

Бұдан басқа, Тайынша қаласында скутер басқарған 15 жастағы жасөспірімнің ата-анасы да жауапкершілікке тартылды. Себебі бұл көлікті тек 16 жастан бастап пайдалануға болады.

Шағын көлемді көлік иелерінен жол қозғалысы ережелері талаптарын қатаң сақтауын сұраймыз. Жасөспірімдердің ата-аналарына кәмелетке толмаған балаларыңызға скутер сатып алмас бұрын, олардың заңнаманың барлық талабын білетіндеріне және көлікті сенімді басқаратынына көз жеткізіңіз деп сұраймыз, – деді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Александр Розбах.

Оның айтуынша, өткен сенбіде 15 жастағы скутер жүргізушісі екіншісімен соқтығысып қалған. Жол-көлік оқиғасы салдарынан жолаушы ретінде мінген оның құрдасы зардап шекті. Ол облыстық орталық медициналық мекемесіне жатқызылды. Екі жасөспірімнің ата-аналары 16 жасқа толмаған адамдардың скутер басқарғаны және кәмелет жасына толмаған балаларының түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз серуендері үшін жауапкершілікке тартылды.