×

Банктен несие алған көпбалалы ана банкрот атанды

Апелляциялық қаулы заңды күшіне енді

 Динара Амантай 23.04.2024 | 16:23
Фото: Halyq Uni

Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы бірінші сатыдағы соттың жеке тұлғаны банкрот деп тану туралы шешімін күшінде қалдырды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Сотта анықталғандай, 2007 жылдың жазында әйел банкпен несие шартын жасасқан. Несиені уақытында өтей алмағандықтан, оның қарызы 10,8 млн теңгеге жеткен. Борышкер қарызды өтеу бойынша бірнеше рет шаралар қабылдаған. 2009 жылдың қарашасында сатып алу-сату шарты бойынша өзінің 4 бөлмелі пәтерін банктің рұқсатымен 4,7 млн теңгеге сатып, түскен қаражатты қарызды өтеуге жұмсаған. Одан соң қарыздың қалған бөлігін өтеу кестесін құрып, мерзімі өткен негізгі қарызды, сыйақыны кешірек төлеу туралы ұсыныстарын жіберген. Алайда бұл шаралар қарызды толық өтеуге мүмкіндік бермеген. Осыған байланысты қарыз алушы сотқа өзіне қатысты банкроттық туралы сот рәсімін қолдану туралы арызбен жүгінген.

Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандырған. Банк бұл шешіммен келіспей, апелляциялық сотқа шағымданған. Апелляциялық сот борышкер әйел халықтың әлеуметтік осал тобына жататынын, 7 баласы бар екенін және жұмыс істемейтіндіктен, кредиторлық берешекті өтеуге кіріс көзі немесе мүлкі жоқ екенін анықтады.

Аталған азаматқа «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін және банкроттығын қалпына келтіру туралы» Заңының 1 және 6-баптарының талаптарына сәйкес банкроттық туралы сот рәсімін қолдануға негіз бар. Арыз берген кезде борышкердің мүлкі, қаражаты және басқа да құнды заттары болмаған. Ай сайын 95 мың теңгеге жуық мемлекеттік жәрдемақы алып, басқа кіріс көздері мен зейнетақы жарналары жоқ екені ескерілді, – делінген сот хабарламасында.

Сот алқасы банктің шағымын зерделеп, іс материалдарын зерттей келіп, бірінші сатыдағы соттың көрсетілген талаптарды қанағаттандыру туралы шешімді дұрыс қабылдағаны туралы қорытындыға келді.

Апелляциялық қаулы заңды күшіне енді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама