«Отау» бағдарламасы: 18 мыңнан астам өтініш түскен

Дәурен Ерболат

Ипетока мерзімі – 19 жыл

көрнекі фото: Halyq Uni

«Отау» тұрғын үй бағдарламасы аясында қазақстандықтардан 18 мыңнан аса өтінім түскен. Бұл туралы «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Ақшанов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Биыл наурыздан бастап «Отбасы банкі» «Отау» бағдарламасын іске қосты. Қарыздың ең жоғары сомасы Астана және Алматы қалалары үшін – 30 млн теңге, қалған өңірлер үшін – 18 млн теңге. 18 сәуірде бағдарламаның шарттарына толық сәйкес келетін 18 мыңнан аса өтінім қабылданды. Оның ішінде мегаполистер мен облыс орталықтарынан 16 мыңнан аса өтінім (87%) қабылданды, - деді Нұрлан Ақшанов Үкімет отырысында.

Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, қарыз бойынша жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 9%, бастапқы жарна – 20%, несие мерзімі – 19 жыл.

Жаңа тұрғын үй бағдарламасына Қазақстан азаматтары немесе қандас мәртебесі бар этникалық қазақтар қатыса алады. Ол үшін «Отбасы банкінде» кемі 18 ай жиналған 1 млн теңге жинақ болуы шарт, баспана болмауға тиіс немесе соңғы 5 жылда тұрғын үй операциясы жасалмағаны жөн және соңғы 6 айда ресми табысы болуы керек.

Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және облыс орталықтарында тек бастапқы тұрғын үй сатып алуға рұқсат етіледі. Қалған өңірлерде қайталама нарықтағы тұрғын үй сатып алуға болады, - деді төрағаның орынбасары.

Сондай-ақ Үкімет отырысында 1 мамырдан бастап «Наурыз» жаңа тұрғын үй бағдарламасының іске қосылатыны хабарланды. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 7%, бағдарламаның басқа қатысушылары үшін – 9%, бастапқы жарна – 20%, қарыз мерзімі – 19 жыл.