×

Үйін су басқан ауыл тұрғындарын ешкім күштеп қалаға көшіре алмайды – Құрылыс министрлігі

Әр қазақстандықтың таңдау құқығы бар

 Дәурен Ерболат 23.04.2024 | 13:27
photo © Halyq Uni / Мейірбек Тажқұранов

Қазақстанда үйін су басқан ауыл тұрғындарын ешкім күштеп қалаға көшіре алмайды. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Үкіметтің баспасөз орталығында журналистердің бірі Өнеркәсіп және құрылыс министріне «Қостанай облысында тасқын салдарынан су басып қалған ауылдар бар. Жергілікті билік ондағы халықты Арқалық қаласынан үй алуға мәжбүрлеп жатыр деген ақпарат бар. Ол қаншалықты рас? Бұдан хабарыңыз бар ма? Су басқан өңірлерде (үйі бүлінген) тұрғындарды басқа жерге күштеп көшіруге бола ма?» деген сұрақ қойды.

Қанат Шарлапаев бұл ақпарат шындыққа жанаспайтынын жеткізді.

Жоқ. Менің мәліметімше, әкімдік Арқалық қаласынан 27 пәтер сатып алған. Баспана су тасқынынан зардап шеккендерге арналады. Мысалы, адам Арқалыққа көше ме, ауылда қала ма? Бұл – әркімнің тағдау құқығы. Тұрғындар шешімді өзі қабылдайды. Әкімдіктен ешқандай қысым болмауы керек, - деді министр.

Бұған дейін Өнеркәсіп және құрылыс министрі мемлекет үй салуға бөлінетін 22 млн теңгені ешкімнің қолына ұстата салмайтынын айтқан еді.

Еске салайық, су тасқынынан зардап шеккен 11 мыңға жуық отбасы 100 АЕК (369 200 теңге, 1 АЕК – 3 692 теңге) мөлшерінде төлем алды. Премьер-министр Олжас Бектенов қосымша тағы 150 АЕК (553 800 теңге) төлейтінін айтты. Оған адамдар тоңазытқыш, үстел, орындықтар, ыдыс-аяқ, киім-кешек сияқты жоғалған бірінші кезектегі қажетті заттарды сатып ала алады

Серіктес жаңалықтары

Сараптама