×

Атырау облысында 473 шақырым қорғаныс бөгеті салынды

Оны тұрғызуға 15 мыңнан астам адам тартылды

 Дастан Жұмабекұлы 23.04.2024 | 13:13
Фото: egemen.kz

Атырау облысында Жайық өзеніндегі судың көтерілуіне және Ресейдің Иреклі су қоймасынан келетін судың көбеюіне байланысты, жағалау судан қоршалып жатыр.

Бүгінде Жайық өзенінің бойында ұзындығы 520 шақырым болатын қорғаныс бөгетінің 473 шақырымы салынды.

22 сәуірдегі жағдай бойынша 15 мыңнан астам адам тартылды. Жұмыстар Индер, Махамбет, Исатай аудандары мен Атырау қаласында жүргізіліп жатыр, – деді Атырау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиев.

Сонымен қатар, Жайық өзені суының Каспий теңізіне құйылуын жеделдету мақсатында су түбін тереңдету жұмыстары жалғасып жатыр. Су түбін тазарту және кеңейту жұмыстарына 5 арнайы техника жұмылдырылды. 

Жылыой ауданының Құлсары қаласында соңғы тәулікте 16 үйде электрмен, 300 үйде газбен жабдықтау қалпына келтірілді. Өткен тәулікте 80-нен астам үйде дезинфекциялау жүргізілді.

Біржолғы материалдық көмек алуға 3 398 өтініш қабылданды. Төлемдер 3 201 отбасына берілді. Залалды бағалау және төлеу жөніндегі комиссия жұмысын жалғастырып жатыр. 2 272 тұрғыннан өтініш қабылданды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама