Мемлекет үй салуға бөлінетін 22 млн теңгені ешкімнің қолына ұстата салмайды – министр

Дәурен Ерболат

Тұрғындарға таңдау беріледі: жаңадан үй салу немесе пәтер алу

көрнекі фото: Halyq Uni

Мемлекет су тасқыны салдарынан бүлінген үйдің орнына жаңасын салуға бөлінетін 22 млн теңгені ешкімнің қолына ұстата салмайды. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Үкіметтің баспасөз орталығында журналистердің бірі Өнеркәсіп және құрылыс министріне «Сіз су тасқыны салдарынан бүлінген әрбір үйді салуға 22 млн теңгеден бөлінетінін айттыңыз. Бұл ақша қазақстандықтардың қолына беріле ме?» деп сұрақ қойды.

Қанат Шарлапаев бұл қаржы жеке тұлғалардың қолына беріле салмайтынын айтты.

Мемлекет ешкімнің қолына қаражат бермейді. Мысалы, әртүрлі адам бар. Жауапкершілігі бар немесе жоқ. Қазір үй салуға, қайта тұрғызуға арналған қаражатты қолына берсе, басқа мақсатқа жұмсалып кетуі мүмкін. Одан кейін қыста мұндай кісілерді не істейміз, тағы ақша береміз бе немесе қайта үй салып береміз бе? Сондықтан мемлекеттің шешімі осындай, - деді министр.

Оның айтуынша, су тасқынынан үйі бүлінген әрбір тұрғынға таңдау беріледі.

«Тасқыннан зардап шеккен әр адамның өз қалауы бар. Үйін қайта тұрғызады немесе әкімдіктер қайталама нарықтан пәтер алып береді. Осы екі таңдаудың бірін пайдалануға болады.

Ал жөндеу жұмыстарын әкімдік құрылыс компаниясына жүктей алады немесе бірнеше өңірде әкімдік шешімімен баспананы жөндеу шығынын халықтың қолына береді. Яғни, үйді қайта салу үшін қолға қаражат бермейміз», - деді Қанат Шарлапаев.

Бұған дейін Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев су тасқынынан зардап шеккен үйлердің орнына салынатын бір жаңа үйдің құны 22 млн теңге болуы мүмкін екенін айтқан.