×

Жыл басынан бері 4,3 мыңнан астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алды

Олар республиканың түрлі өңіріне қоныстанды

 Динара Амантай 23.04.2024 | 10:48
Фото: gov.kz

2024 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 4 351 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 132,7 мың этникалық қазақ оралған.

Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың жартысы (51,1%) Қытайдан, 31,9%-ы – Өзбекстаннан, 6,4%-ы – Түрікменстаннан, 5,4%-ы – Моңғолиядан, 3,7%-ы – Ресейден және 1,5%-ы – басқа елдерден.

Осы жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 59,1%, еңбекке қабілетті жастан кішілер 31,7% және зейнеткерлер 9,2% болды.

Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 16,9%-ы – жоғары білімді, 21,5%-ы – орта кәсіби білімді, 55,5%-ы – жалпы орта білімді және 5,1%-ының білім жоқ.

Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды.

Сонымен бірге, қандастарды қоныстандыру үшін еңбек күші тапшы өңірлер анықталды. Олар: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.

Қоныстандыру өңірлерінде 2024 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 2 433 адамды қамтыды. 2023 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 1 381 қандас қоныс аударды.

Жоғарыда аталған өңірлерге қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады: бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (258,4 мың теңге) мөлшерінде; тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (55,3-ден 110,7 мың теңгеге дейін) мөлшерінде беріледі.

Жыл басынан бері 617 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді. Атап айтқанда, 368 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды.

Сонымен қатар ерікті қоныс аударудың тиімділігін арттыру мақсатында азаматтарды солтүстік өңірлерге қоныс аударуға қатысатын жұмыс берушілерді қолдау бойынша институционалдық шаралар қабылданды. Тұрғын үй сатып алу, салу үшін немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үй құнының 50%-ы немесе бір отбасына 4,28 млн теңгеге дейін мөлшерде біржолғы өтеусіз және қайтарымсыз негізде енгізілді.

Еске сала кетсек, 2023 жылдан бастап пилоттық режимде Қазақстан елшіліктері арқылы «бір терезе» қағидаты бойынша қандас мәртебесін беру тетігі іске асырылады. Пилоттық жоба шеңберінде елімізге келу, жұмыс орны, тұрғын үй беру мүмкіндіктері туралы мәселені шешуге және республика аумағына кірмей-ақ қандас мәртебесін алуға болады.

Бүгінде этникалық қазақтардан жаңа форматта 7 518 өтініш қабылданған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама