Halyq Uni логотип
×

Абай, Павлодар, Қарағанды, Ұлытау, Ақмола және Қостанай облыстарында жағдай тұрақты – ТЖМ

Су басқан аймақтардан 120 мыңға жуық адам эвакуацияланды 

 Дәурен Ерболат 23.04.2024 | 10:20
Абай, Павлодар, Қарағанды, Ұлытау, Ақмола және Қостанай облыстарында жағдай тұрақты – ТЖМ
көрнекі фото: Halyq Uni

Су басқан өңірлердегі кейбір қазақстандықтар үйін тастап кеткісі келмеді. Олармен келіссөз жүргізуге көп уақыт кетті. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрінің орынбасары Бауыржан Сыздықов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қазір Атырау, Батыс, Солтүстік Қазақстан облыстарында су тасқынын жою жұмыстары жалғасып жатыр.

«Ресейдің Ирикла су қоймасынан Жайық өзеніне ағызған судың салдарынан батыста жағдай күрделене түсті, ал солтүстікте су Ақмола облысынан келіп жатыр. Абай, Павлодар, Қарағанды, Ұлытау, Ақмола және Қостанай облыстарында жағдай тұрақты, жергілікті өзендердегі су деңгейі біртіндеп төмендеуде. Бұл өңірлердегі елді мекендерді су басу қаупі жоқ», - деді Бауыржан Сыздықов Үкімет отырысында.

Ведомство өкілінің айтуынша, бүгінде 5 мыңнан аса тұрғын үй, 16 мыңнан аса саяжай, 1 мың аула мен 91 ғимарат су астында қалған.

10 облыста жергілікті ауқымдағы 41 төтенше жағдай жарияланды. Қазір Абай және Павлодар облыстарының 3 ауданында төтенше жағдай режимнің күші жойылды. Құтқарушылар босанған әйелдерді құтқарған да жағдайлар болды, олардың барлығы аман-есен ауруханаларға жеткізілді. Иелері тастап кеткен үй жануарларын да суда қалдырмай, қауіпсіз жерге көшірудеміз, - деді министрдің орынбасары.

Бауыржан Сыздықов кейбір тұрғындар су басқан үйіен кетуден бас тартып жатқанын жеткізді.

«Олжас Абайұлы, жекелеген азаматтар үйін тастап кеткісі келмеді, олармен келіссөздер жүргізуге көп уақыт кетті, бірақ эвакуация – олардың қауіпсіздігі үшін жалғыз ғана шешім болып табылатыны түсіндірілді. Құтқару кезінде мүмкіндігі шектеулі жандарға, қарттарға, әйелдер мен балаларға басымдық берілді», - деді ол.

Су басқан аймақтардан барлығы 119 мыңға жуық адам алдын ала, оның ішінде 44 мыңнан астам бала эвакуацияланды.

«Бүгінде су тасқынын жоюға 32 мыңнан астам адам, 5 мыңға жуық техника, 310 жүзу құралдары мен 13 тікұшақ қатысып жатыр.

Қорғаныс, Ішкі істер министрліктеріне, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, Мемлекеттік күзет қызметі мен Ұлттық ұланға су тасқынын жоюдағы қосқан үлкен үлесі үшін алғысымызды білдіреміз.

10 өңірге авариялық және шұғыл жұмыстарды үздіксіз жүргізу үшін көптеген арнайы техника мен басқа да мүліктер жедел броннан шығарылды. Олар мен қосымша күштер ҚТЖ арқылы өңірлерге уақытылы жеткізілді. Қазір кейбір күштер өз аймағына оралып жатыр», - деді вице-министр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама