Осыған дейін ажалдан аман қалған жергілікті тұрғынға бірнеше рет ескерту жасалған
Орал қаласында полиция қызметкері Әміржан Бірлесов өзен ағасымен суға батып бара жатқан ер адамды құтқарып қалды.
Polisia.kz-тің хабарлауынша, кешкі уақытта суға кете жаздаған жергілікті тұрғынды ажалдан құтқаруға Ұлттық ұлан қызметкерлері, еріктілер мен төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері де көмектесті.
Осыған дейін өзенге батып бара жатқан адамға бірнеше рет ескерту жасалыпты. БҚО полиция департаменті ӘҚБтК-нің 667-бабына сәйкес құқық қорғау органы мен арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің заңды өкіміне немесе талабына бағынбау заңға қайшы екенін еске салады. Мұндай құқықбұзушылық жасаған адамға 30 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салынады немесе 15 тәулiкке дейiнгі мерзімге әкiмшiлiк қамауға алынады.
БҚО ПД бастығы Арман Оразалиевтің айтуынша, тасқын қаупі төнген күннен бастап полиция, құқық қорғау қызметкерлері, әскерилер, Ұлттық ұлан сарбаздары мен төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері су басу қаупі бар аймақтардағы азаматтарға ескерту жасап жатыр.