Оқушылар үшінді адамның атын пайдаланып, бәс тігуі мүмкін
Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова елімізде кейбір оқушылар бәс тігіп, лудоманиядан емделіп жүргенін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланып жатыр.
Жиында депутат Жұлдыз Сүлейменова өзекті мәселені көтерді.
«Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, 200 мыңнан аса адам үшінші адамдар арқылы бәс тігеді екен. Оқушылардың арасында да бұл үлкен әлеуметтік проблемаға айналды. Мысалы, екі кейс бар: бірі – 9-сынып оқушысы, екіншісі – 11-сынып оқушысы. Осы дертке (лудомания) душар болған. Осы ретте Оқу-ағарту министрлігіне сұрағым бар. Қазір екі оқушы да емделіп жүр. Олар 10 айға жуық емделеді. Оқушылар емтиханды қалай тапсырады? Оқу процесі қалай ұйымдастырылады? Олардың 9-сыныпты немесе 11-сыныпты аяқтағаны туралы құжатты алуға құқығы бар ма, жоқ па? Бұл сұрақтар ата-аналар тарапынан келіп жатыр», - деді ол.
Алайда Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан сұраққа нақты жауап бере алмады.
«Денсаулық сақтау министрлігі жасөспірімдер арасында лудоманиядан емделіп жүргендер тіркелмегенін хабарлайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, лудомания – бұл аурудың түрі және онымен күресудің 2 профилактикалық деңгейі бар. Біріншіден, жасөспірімдердің осы дертке ұшырамауының алдын алу, түсіндіру жұмысын жүргізу.
Екіншіден, осындай тәуелділікке ұшыраған балалармен психологиялық жұмысты жалғастыру. Білім жүйесі тек бірінші деңгейдегі профилактиканы атқарады», - деді министрдің орынбасары.
Еске салайық, бұған дейін Төлем ұйымдары қауымдастығының өкілі Ирина Давыденко Қазақстанда лудомания ауру ретінде ресми тіркелмегенін айтты.
Қазақстанда мұндай ауру жоқ. Яғни, ресми түрде тіркелмеген. Сондықтан оны ресми түрде аурулар тізіміне кіргізіп, оның стандарттарын, классификациясын жасауды ұсынып отырмыз. Әзірге тек психологтар мен психиатрлардан ғана сұрастырып, мәлімет жинауға болады. Бірақ нақты статистиканы анықтайтындай сауалнама жүргізетін не батыстық, не отандық әдістемелік құрал жоқ, - дейді ол.