Halyq Uni логотип
×

«Енді тек 25 жасқа толғандарға бәс тігуге рұқсат етіледі». Заңда тағы қандай нормалар қарастырылған?

Енді блогерлер букмекер кеңселеріне ашық жарнама жасай алмайды

 Дәурен Ерболат 22.04.2024 | 15:43
«Енді тек 25 жасқа толғандарға бәс тігуге рұқсат етіледі». Заңда тағы қандай нормалар қарастырылған?
көрнекі фото: Halyq Uni

Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы және «Қазақстанның Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары бірінші оқылымда талқыланып жатыр, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Заң жобасын депутат Елнұр Бейсенбаев таныстырды. Оның айтуынша, құжатта төмендегі нормалар енгізілген:

Біріншіден, заңда максималды түрде букмекер кеңселері мен казинолардың жарнамасын шектеу қарастырылған. Онда үйлердің қасбетнде, ғимараттарда, құрылыс қоршауларында, көліктердегі сыртқы жарнамаға тыйым салынады.

  • Интернет ресурстарында, ресми сайттарда, телеарналар мен радиода, мерзімді баспа басылымдарында, кино беттерінде, мобильді операторлардың SMS-терінде да жарнамаға толық тыйым салынады.
  • Енді белгілі блогерлер мен әлеуметтік желідегі танымал тұлғаларға мұндай ойын түрлерін жарнамалауға тыйым салынады.
  • Жарнама тек спорт объектілері, спорт бағытындағы сайттар, телеарналар мен спорт іс-шараларында ғана рұқсат етіледі.

Екіншіден, ойында бәс тігу жасы 21 жастан 25 жасқа дейін көтеріледі.

Үшіншіден, өтелмеген алимент және несие қарызы бар азаматтардың құмар ойынға бәс тігу мүмкіндігі шектеледі.

  • Яғни борышкерлердің бірыңғай реестрінде мәліметтері бар жеке тұлғаларды құмар ойындарға және бәс тігуге жіберуге тыйым салу белгіленеді.

Төртіншіден, ойнау жасына жетпеген азаматтардың құмар ойындарына және бәс тігуге қатысуы шектеледі. Оларға заңсыз ойын ойнауға мүмкіндік берген заңды тұлғаларға қомақты көлемде айыппұл салынады және қайталанатын жағдайда лицензиялары тоқтатыла тұрады.

Бесіншіден, заңсыз онлайн казино ұйымдастырушыларға Қылмыстық кодекстің 307-бабы бойынша жаза қолданылады.

  • Атап айтқанда, мүлкi тәркiленiп, 2 мың АЕК (7 млн 384 мың теңге, 1 АЕК – 3 692 теңге), мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартуға не 2 жылға бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Алтыншыдан, заңсыз лотоматиктер мүлдем жойылады. Сондай-ақ білім беру, медициналық, діни және діни ұйымдар орналасқан тұрғын үйлер мен ғимараттарда лотерея билеттерін таратуға және лотерея терминалдарын орнатуға тыйым салынады.

Жетіншіден, шетелдік ойын бизнесін ұйымдастырушылардың тізімін жүргізу, сондай-ақ банктер мен төлем жүйелеріне олардың пайдасына қаржылық операциялар жүргізуге тыйым салу көзделеді.

Сегізіншіден, букмекерлік кеңсенің немесе тотализатордың қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушылардың өз аппараттық-бағдарламалық кешендерінің Мемлекеттік кірістер органының ақпараттық жүйелерімен интеграциялануын қамтамасыз ету міндеті белгіленеді.

Сондай-ақ Ұлттық банктің, Қаржылық мониторинг агенттігінің, Әділет министрлігінің базаларын біріктіру арқылы ойнаушының тұлғасы бейнеметрикалық тұрғыдан анықталады.

Сонымен қатар заң жобасында букмекерлік кеңселерде бәс тігу, ақша алу және төлеу кезінде қатысушылардың бейне-биометрикалық идентификациядан өткізу міндеттілігі, ойын бизнесі ұйымдастырушыларының үшінші тұлғалардың банктік карталарына төлем қабылдауына шектеу қою мәселесі, мемлекеттік қызметшілердің, құқық қорғау және әскери қызметкерлердің бәс тігуіне тыйым салу көзделген. Шамамен 220 мыңға жуық қызметкердің құмар ойын ойнауы шектеледі, - деді Елнұр Бейсенбаев.

Депутаттың айтуынша, заңда өз-өзін құмар ойыннан шектеуді 1 жылдан 10 жылға дейін созу қарастырылған. Яғни, оны eGov.kz мобильді қосымшасы арқылы шектей алады. Бұл шектеуді қайтып қалпына келтіруге мүмкіндік жоқ.

Құжат аясында Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі бойынша өзгерістер 11 заңға, 3 кодекске енгізіледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама